Қазақстанды инновациялық дамыту энергиясы
Тез өзгеріп жатқан қазіргі әлемде күллі процесс жеделдеп, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп барады. Бұл ретте технологиялық даму табыстың негізгі факторына айналып отыр. Осылайша халықтың өмір сапасына, қауіпсіздікке, экологиялық тазалыққа және экология мен жайлылыққа талабы артып келеді.
Электр көліктері, дрондар мен роботтар секілді өнертабыстар таяу болашақта күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналарына көзіміз жетті. Бұл өзгерістер көлемі еліміздің қазіргі тұтыну көрсеткішінен де көп электр энергиясын өндіруді қажет етеді.
Бірақ қосымша қуат көзінің құны қымбат болмауы әрі тұрақты болуы тиіс. Сондай-ақ көмірсутек шикізатын жаққанда шығатын түрлі қалдықпен біздің қалалардың ауасын ластамауы керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жеделдетілген технологиялық дамуының айқын бағытын белгіледі. Бұл бағыттың басымдығы ретінде елімізде электр энергиясын өзіміз өндіруімізді айтуымыз керек. Бүгінде АЭС құрылысы бүкіл әлемде объективті трендке айналды. Өзінің дербес атом стансалары бар мемлекеттер қазірдің өзінде заман талабына сай келетін жаңа реакторларды салып, әлемдік атом эгнергетикасы саласындағы өз үлесін арттыруға күш салып жатыр. Ал Германия секілді аз уақыт бұрын ядролық энергетикадан бас тартқан елдер экономикалық құлдырауға тап болып, қате шешім қабылдағанын түсінді.
Көршілес өзбек, қырғыз, Монғолия елдері өздерінің алғашқы атом электр стансасын салатынын мәлімдеп, осы жоспарын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Қазақстан бұл бәсекеден қалыс қалмауы тиіс. Өйткені еліміз уран қоры бойынша күллі әлемде көш бастап тұр. Егер Қазақстан өзінің атом электр стансаларын салса, сарқылмайтын, арзан әрі экологиялық таза қуатқа қол жеткізеді. Осылайша әлемдегі бәсекелестерімізден бәсіміз басым түсері анық. Біз энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтып, барлық саладағы өндіріс шығынын азайтумен қатар, болашақта электр энергиясын шетелге экспорттай аламыз.
АЭС құрылысы туралы шешім қабылдау – өте маңызды және жауапты іс. Өйткені ол Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы даму бағытына әсер етеді. Сондықтан ел билігінің бұл мәселені жұртшылықпен ашық түрде талқылап жатқаны өте дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС-ке қатысты шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданатынын мәлімдеді. Яғни әрбір қазақстандық ортақ іске қатысты шешім қабылдауға жауапкершілікпен қарап, Отанымыздың дамуына ат салыса алады.
АЭС құрылысы жүктелер мердігерлерді анықтау ісі де аса маңызды. Бүгінде Қазақстанның тұңғыш атом АЭС-ін бірнеше елдің бірлескен халықаралық консорциумы салатыны белгілі болды. Бұл бізге нарықтағы ең заманауи және сенімді технологияларды тартуға мүмкіндік береді.
Сауатты және кәсіби білікті мамандардың көмегіне сүйенбей, ұлттық экономиканы жаңа технологиялық платформаға көшіру мүмкін емес. Сондықтан нақты ядролық технологияларды таңдауды кәсіби мамандардың еншісінде қалдырған дұрыс. Өйткені бұл шешім қазақстандық атом өнеркәсібін дамытуды экономикалық тұрғыдан тиімді қылып, технологиялық оңтайлы векторды ұстануға мүмкіндік береді.
АЭС құрылысымен айналысатын компания анықталған соң, мердігер пайдаланылған ядролық отынды Қазақстан аумағынан шығаруға кепілдік беруі тиіс. Өйткені соңғы кезде еліміздің экологиялық ахуалы қатты нашарлады. Сондықтан радиоактивті қалдықтарды мемлекетіміздің аумағында көму қисынсыз. Біз келер ұрпаққа табиғатты қандай күйде мұра етіп қалдыратынымызды ойлауымыз керек.
Тұңғыш АЭС секілді ауқымды инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру еліміздің азаматтарын бірнеше жыл жұмыспен қамтып, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Мердігер АЭС-те жұмыс істей алатын және Қазақстанның жаңа инженерлік және ғылыми элитасына айналатын жоғары білікті мамандарды дайындайтын қазақстандық жастарды оқыту ісін ұйымдастыруы керек.
Қазақстандық АЭС-тің іске қосылуы ұлттық экономиканың қарыштап дамуына оң серпін береді. Қазір сарапшылар Қазақстанның экономикалық көрсеткіштерінің өсу динамикасы қандай болатынын талқылап жатыр. Демек жобаны егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін АЭС құрылысының биыл басталатыны анық.
Осылайша еліміз ХХІ ғасырдың инновациялық және прогрессивті технологияларына қадам басады.