BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысы инвестиция тарту көлемі бойынша республикада көшбасшылар қатарында тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту мәселесіне баса назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды basnews.kz.

«Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Сондықтан, ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек», деді Президент.

Бұған дейін де Мемлекет басшысы тарапынан инвестиция тарту бойынша тапсырмалар берілген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта нақты жұмыстар жүріп жатыр. Ілкімді істер өз нәтижесін беруде.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деген болатын Дархан Сатыбалды.

2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492,0 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) артығымен орындалды. 12 айдың қорытындысы 530 млн. АҚШ доллары болады деп күтіліп отыр.

Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 2,1 трлн. теңгегені құрайтын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.

Шетелдік және отандық инвесторлармен өткен 100-ге жуық кездесу нәтижесін беріп жатыр

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 100-ге жуық кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Аустралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды.

Қытай Халық Республикасына аудан, қала әкімдері мен кәсіпкерлер іссапарға жіберіліп, маңызды келісімдер, меморандумдар жасалды. Облыс әкімі қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, нақты жобалар жүзеге аса бастады.

Былтыр Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтті. Оған шетелдер мен елімізден алпауыт компания басшылары қатысты.  Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. 1 трлн. 55 млн теңгенің меморандумдары жасалды. Атап айтқанда Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.

Осы жұмыстар нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.

Қытай, Швейцария, Италия, Венгрия, Түркия, Әзербайжан, Нидерланды, Өзбекстан, Ресей және тағы басқа мемлекеттердің әлеуетті  инвесторларымен байланыс орнату пысықталуда. Түркістан өңірінде инвесторлар тартуға «Turkistan Invest» үлес қосуда.  «Turan» арнайы экономикалық аймағы және 544,52 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Осы аймақтарда инвесторлар мен кәсіпкерлерге жеңілдіктер, үлкен қолдаулар қарастырылған.

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы жаңа зауыттар саны арта түсті

 Түркістан облысында инвесторларды, кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Нақты нәтижесі көріне бастады. Жуырда Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылып, өнімін экспорттап жатыр. Сұраныс жоғары. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады.

Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. «TURKISTAN» индустриалды аймағында 2 кәсіпорын ашылды. Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын жобасының құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.

Биыл тікелей шетелдік инвестициялар көлемін артады. Шетелдік капиталдың қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Қытай капиталының қатысуымен «LIHUA GROUP» тестиль кластерін құру (инвестиция құны 70,0 млрд. теңге), «Peng Sheng Group» тестиль кластерін құру (инвестиция құны 45,0 млрд. теңге), және Украина капиталының қатысуымен «UBC BG» өнеркәсіптік тоңазытқыш құрылғыларын шығару зауыты (инвестиция құны 10,0 млрд. теңге) сондай-ақ, Қазақстан-Франциялық «Катко» компаниясының уранды өңдеу кешені жобасы (инвестиция құны 73,0 млрд. теңге) жүзеге асырылады.

Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеге жетіп, 102,5%-ға артты. Өнеркәсіптегі негізгі көрсеткіш – өңдеу өнеркәсібі. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 437,8 млрд. теңгені құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 107,9%-ды құрады. Биыл өнеркәсіп өнімін 1,1 трлн. теңгеге, өңдеу өнеркәсібін 510 млрд. теңгеге ұлғайту көзделуде.  Өткен жылда өңдеу өнеркәсібі саласында 30,2 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылды. Осылайша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бекітілген индикатор толығымен орындалды. Жобалардың қатарында мақта өңдеу, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, шұжық өндіру, тауық еті және тауық жұмыртқасы, тігін фабрикасы, пластик өнімдерін шығару зауыттары бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі жобалармен қатар, Сыртқы істер министрлігімен 2023 жылда жалпыұлттық пул аясында 10 инвестициялық жобаны іске қосу индикаторы бекітілген болатын.  Бекітілген индикатор толығымен орындалды. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 23,0 млрд. теңгеге 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Өткен жылы Шардарада жүгері өңдеу зауыты, Отырар ауданында күн электр станциясы, Сайрам ауданында жөргектер өндірісі және күнбағыс майын өндіру, Ордабасы ауданында алюминий бұйымдар өндірісі, Арыс қаласында ПВХ гранула өндіретін кәсіпорындар іске қосылған.  Сауран ауданында орналасқан өндірістік парк аумағында «BNK GROUP LTD» ЖШС бастамасымен жаңбырлатып суару жабдықтары және трактор өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Барлық аудан, қалада инвестиция тарту бойынша жоспар жасалып, жобалар сүймелденуде.

Шағын және орта бизнес арқылы өндірілген өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетті

Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылы оң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Түркістан өңірі Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл көрсеткішті биыл 1,6 трлн. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.

Шағын және орта кәсіпкерліктегі күрделі саланың бірі – сауда саласы. Көтерме және бөлшек сауда көлемі жыл қорытындысымен 21,7%-ға артып, 451 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылы сауда айналымын 500 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Өткен жылдың қорытындысымен шағын және орта бизнес секторы 45441 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандары саны – 292 620 адам. Жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша облыс республикада 2 орында.

«Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік беру және гранттар ұсыну бойынша қолдаулар көрсетілуде.  Қолдауларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 41,6 млрд. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

«Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 3256 жоба қаржыландырылды, қаржы 100 пайыз игерілді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округте жүзеге асып, 75 жаңа кооператив ұйымдастырылды.

Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасады.

 

Back to top button