Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті бағаның өсуіне жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды Basnews.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сайтта ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өткендігі хабарланған.
«Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов баяндады. Баяндамаларда Қазақстанда түрлі азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар екені айтылды. Қор үнемі толтырылып отырады, сондықтан олардың тапшылығы болмайды»,-діленген хабарламада.
Жиында Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, белгілі бір тауар түрлерінің туындауы мүмкін тапшылығына дер кезінде әрекет ету үшін азық-түлік қорына, оның өндірісінің теңгеріміне және өңіраралық тасымалына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.
« Біз 9 аса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын бекіттік. Бағаны ұстап тұрудың тиісті тетігі бар. Дегенмен, бірқатар өңірлерде бірден кейбір азық-түлік өнімдеріне шекті бағаның өсуі байқалып отыр. Әкімдіктерге мұндай фактілерге жол бермеуді және осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын «, — деді А. Мамин.
Премьер-Министр өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұған қоса отырысқа қатысушылар төтенше жағдай кезінде ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық технологиялар саласында қызметтерді қамтамасыз ету және т. б. мәселелерін қарады.



