BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында аймақта мақта кластерін дамыту, оған инвесторлар тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақта кластерін құру бойынша жиын өткізді. Басқосуға «Tүркістан» ӘКК», «Turkistan Invest» ЖШС және «TURAN» арнайы экономикалық аймағының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Жиын барсында жаңадан ашылатын кәсіпорын жұмысы және оны инфрақұрылыммен қамту мәселелері қаралды. Нәтижесінде, келесі айдан бастап мақта кластерін дамытатын кәсіпорын өз жұмысын бастамақ. Жоба құны – 400 млн. АҚШ доллары. Өндіріс орнында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл – «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақтаның шитінен бастап, жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кезеңдерді толық қамтитын өндіріс орны болады.

Мақта шаруашылықтарының алдындағы тұрған басты міндеттерінің бірі — оның талшығының технологиялық сапасын жақсарту. Оған мына көрсеткіштер жатады. Талшық өнімінің көлемі — құрғақ шитті мақтадан алынған таза талшықтардың салмақ пайызы. Әдетте, бұл көрсеткіш 30-40% шамасында болады. Талшықтың ұзындығы — арнаулы тақталарда мақта тұқымының жоғарғы үштен бір бөлігінде ширатылған талшықты тарағаннан кейінгі миллиметр есебімен алынған ұзындық. Өсіру жағдайына және сорттардың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты талшықтың ұзындығы 25-40 мм аралығында болады. Метрлік нөмір — 1 грамдағы барлық талшықтардың метр есебімен алынғандағы жалпы ұзындығы. Мақтаның сортына байланысты бұл көрсеткіш 5000-8000 метрге дейін ауытқып отырады. Талшықтың жіңішкелігі — метрлік нөмірмен анықталады. Оның көрсеткіші 7-10-км аралығында болады. Талшықтың орташа үзілу күші бір талшықты үзуге жұмсалатын Ньютон есебімен алынған күшті оның мықтылығы немесе талшықтың орташа үзілу күші деп атайды. Бұл күштің мөлшері — 0,040-0,69 Н. Талшықтың үзілу ұзындығы — оның метрлік нөмірін мықтылығына көбейткендегі метр есебімен алынған көрсеткіші. Талшықтың пісуі — оның ішкі қуысының азайып, целлюлозамен толыққан кезі. Осы көрсетілген технологиялың сапаларына қарай талшықтан тоқылатын маталардың түрлерін анықтайды.

Мақтаның екі түрі өсіріледі: Бірінші түрі — орташа талшықты кәдімгі немесе мексикалық мақта. Оның кесегі ірі, жұмыр, жоғарғы жағы үшкір, қауашағы 3-5 жерден алынады, әр көсектің қауашағында 5-10 дана тұқымы бар. Талшығының сапасы жоғары, ұзындығы 30-35 мм, жіңішкелігі 17-20мкм. Екінші түрі — жіңішке талшықты перу немесе мысыр мақтасы. Оның көсегі ұсақ конус тәріздес, ұзынша келеді. Қауашағы 3-4 ұялы, онда 5-8 жалаңаш тұқым бар. Талшығының сапасы жоғары, ұзындығы 38-40 мм, жіңішкелігі 12-18 мкм.

Қазақстанда негізінен мақтаның орта талшықты сорттары өсіріледі. Түркістан облысында 2006 жылы мақтаның Киргизский-3, С-4727, С-6524, С-4908, 108-Ф, Пахтарал-3031 және 3044 сорттары аудандастырылған.

Түркістан облысы – республика бойынша мақта өсіріп, өңдейтін жалғыз өңір. Өңірде 23 мақта өңдеу кәсіпорны бар. Олар жылына 100 мың тоннадан астам мақта талшығын өндіреді.

Айта кетейік, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында инвестициялық жеңілдіктер беріледі.

Back to top button