BasNewsЖаңалықтар

Ордабасы ауданында 1300 гектарға су үнемдеу технологиясы ендірілмек

Ауыл шаруашылығы саласы үшін өте маңызды ресурстың бірі – ағын су. Себебі, су болмаса, бір шаршы метр жерге де егін егіп, өнім ала алмайсыз.

Сондықтан да қай мемлекетті алып қарасаңыз да ең алдымен осы пір мәселенің оңтайлы шешілуіне аса мән береді. Өз кезегінде, біздің елдің Үкіметі де бұл тұрғыдан қол қусырып отырған жоқ.  Тиісінше, бұл саладағы жұмыстар ауыл шаруашылығына бейім Түркістан өңірі үшін де ерекше маңызды болып саналады.

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан ауылдық округінде болып, “Жан-2004” ЖШС-ның жұмысымен танысты. Аталған серіктестік Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 450 Га алқапқа жаңбырлатып суғару әдісін енгізе отырып, мал азығын дайындауда. Атап айтар болсақ, 100 Га жоңышқа, 350 Га бидай еккен. Жобаның құны 250 млн тг. құрап, 10 адам жұмыспен қамтылған.

Шаруа қожалық су үнемдеу арқылы гектарынан 720 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек серіктестік маусым айында қосымша 70 Га жерге жаңбырлатып суғару технологиясын ендірмек. Жоба құны 45 млн.тг.құрап, су үнемдеу құрылғыларын “BNK Irrigation” ЖШС-і алдырған.

Суды үнемдеу үшін тауар өндірушілер су пайдаланудың заманауи технологияларына, суарудың прогрессивті әдістерін пайдалану және жаңбырлатып, тамшылатып суару сияқты озық техникаларға біртіндеп көшу керек. Суды үнемдеу үшін ауыспалы егістіктің сақталуын қамтамасыз ету, суды көп қажет ететін дақылдарды тек қолжетімді жерлерге себу керек.

Агромелиоративті іс-шаралардың атқарылуы және егіс алқабында сушының болуы, тәулік бойы және түнгі суды ысырапсыз пайдаланудың дұрыс жолын қалыптастыру, ішкі шаруашылық желілерде судың сіңуін азайту үшін механикалық тазалау жұмыстарының тұрақты жүргізілуі де су үнемдеу үшін керекті шаралар.

Аудан басшысы аталған шаруа қожалықтың жұмысына оң бағасын беріп, су үнемдеу арқылы да мол өнім алуға болатындығын айтты.

– Мемлекет басшысы өткен жылғы

1 қыркүйектегі Жолдауында су ресурсына, оны үнемдеу қажет екеніне ерекше тоқталған. 2030 жылдарға қарай еліміздегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан. «Судың да сұрауы бар» демекші, бірте-бірте оны үнемдеп пайдалануға көшуіміз керек. Мәселені түсініп ауданымыздың шаруалары су үнемдеу шараларын қолға ала бастаүаны қуантады, – деді аудан әкімі.

Бүгінгі таңда ауданда 31 шаруа қожалық 474 Га жерге тамшылатып суғару жүйесін енгізген. Осы жылға 1300 Га-ға жоспарланса, оның ішінде 300 Га жаңбырлатып, 1000 Га тамшылатып суғару жүйесін енгізу жоспары тұр.

Back to top button