
Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарда көшелер мен көпшілік баратын орындар жаппай залалсыздандырылуда, деп хабарлайды BasNews.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда қазіргі таңда бұл іс Көкпекті ауданында жүйелі атқарылуда. Аудан орталығы мен халық көп шоғырланған Самар ауылында ауқымды жұмыс ұйымдастырылған.
«Залалсыздандыру жұмыстарына қажетті гипохлорит кальций ерітіндісі облыс орталығы Өскемен қаласының «Титан-магний комбинатынан» жеткізілді. Бүгінгі күні ауданда дезинфекциялық ерітіндіге қажетті 5 тонна қор бар. Әрбір ауылдық округтерге де қажеттілігіне қарай таратылған», — делінген хабарламада.
Бастысы қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстарына арнайы жабдықталған «Hubei Dalu» техникасы тартылған. Сыйымдылығы 4 тонна техниканың гипохлорит кальций қоспасын 5-7 метр аумаққа шашып өту мүмкіндігі бар. Ауданның бас санитарлық дәрігері Гүлмира Абдрасулованың айтуы бойынша гипохлорит кальций қоспасы инфекциялық ауруларға қарсы бактерициттік құрал ретінде қолданылады.
«Бұл тұрғындар үшін қауіпсіз. Барлық шаралар 2 наурыз күні жарық көрген Денсаулық сақтау департаментінің нұсқаулығы негізінде атқарылуда. Аталған шаралар елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап толассыз жүргізіліп келеді», — дейді бас санитар.






