Жаңалықтар

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Риддер қаласының өнімдерімен танысты

Бүгін Өскемендегі жаңа «Алтай» көтерме сауда орталығының алаңында дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда Риддер қаласының кәсіпкерлері облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін ұсынды.

 

— 15 өндіруші бірнеше тауар түрлерін алып келді. 5 тонна картоп, 1 тонна сәбіз, қызылша сынды көкөніс түрлері де бар. Оған қоса ет, бал өнімдері халыққа ұсынылды. Барлығы төмендетілген бағамен сатылуда, – деп атап өтті Риддер қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әсел Жұмабаева.

 

Аймақ басшысы табиғи өнімдерді нарық бағасынан төмен сатудың өзектілігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ ол облыс орталығының әр қала, ауданнан келген кәсіпкерлерді сауда жүргізуге арналған ыңғайлы орынмен қамтамасыз етіп, қолдайтынын жеткізді.

 

Жәрмеңкеде сауда-саттықтан бөлек мәдени-спорттық бағдарлама да ұйымдастырылды. Риддер қаласының шығармашылық ұжымдары жәрмеңкеге келгендерге өнер көрсетсе, спорт сүйер қауым армрестлинг, гір көтеру және арқан тартудан өткен жарысқа қатысты.

Back to top button