ШҚО -да Маңғыстау облысының шеберлері мен суретшілері өнерлерін ұсынды
Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармония ғимаратында Маңғыстау облысының суретшілері мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ашылды. Екі күндік шараға елімізге танымал «Тарбия» сән үйі, «Жаннур жадағай» және «Али kids» брендтері, сондай-ақ суретшілер Б. Құлбаев пен М. Қосанның жұмыстары мен зергер Қайрат Қуандықов пен Дамир Төребайдың туындылары қойылды.
Ресми ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев көрмеге қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіріп, өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті. Ашылу рәсімінде маңғыстаулық сәнгерлер мен зергерлер қызыл кілеммен жүріп, өз бұйымдарының көрсетілімін өткізді, сондай-ақ «Отпан» фольклорлық ансамблі қазақ мәдениеті мен музыкасына толы қойылымдарымен көрермендерді қуантты.
Көрмеде ұлттық нақыштағы күміс алқалар, білезіктер және этностильдегі киімдер ерекше қызығушылық тудырды. Әсіресе, «Тарбия» сән үйінің шапан, камзолдары көрмеге келгендердің көңілінен шықты. Дизайнер Тарбия Айдымбаева бұл шара арқылы ұлттық нақыштағы қолөнерді насихаттауға атсалысатынын, сондай-ақ болашақта Өскемен қаласында сән салонын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
-Бүгін бір үлкен рухани, өнер кеші болатынына сенемін. Көрме ашылар-ашылмастан өскемендіктер келіп, үлкен қызығушылық танытып жатыр. Біз 362 әулиесі бар Батыс өңірінен тек ұлттық киімдер мен ұлттық астан сәлемдеме әкелген жоқпыз. Ең бастысы қолөнершілеріміз бен зергерлеріміздің, дизайнерлердің шығармаларын тамашалап, рухани азық аласыздар. Екі өңірдің арасын жақындататын осындай шаралардың жиі болғаны дұрыс. Біз енді өралтайлықтарды өз облысымызда күтеміз, – деді дизайнер Тарбия Айдымбаева.
Көрмеде Ақтау қаласынан келген жас зергер Дамир Төребай да өзінің қолөнер туындыларын ұсынды. Бала кезінен сурет салумен айналысқан Төребай үшін зергерлік өнер арғы ата-бабаларынан дарыған шеберлік. Ол зергерлік бұйымдарының дизайнын өзі жасап, қымбат тастарды арнайы тапсырыспен алғызады.
-Маған зергерлік бұйымдар жасаған ұнайды. Суретші болғандықтан бұйымның дизайнын өзім сызып, қымбат тастарды Алматыдан алғызам, көбінде тапсырыстармен істеймін, – дейді жас зергер.
Шараның басты мақсаты – ұлттық бейнелеу өнері мен қолөнерді дамыту, дәстүрлі өнерді жандандыру және халыққа таныстыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме сондай-ақ жергілікті шеберлер мен суретшілердің туындыларын кең аудиторияға ұсыну, креативті индустриядағы кәсіпкерлердің халықаралық деңгейде танылуына ықпал ету мақсатын көздейді.
Көрмеден қалаған затын тапқан өскемендік Назымгүл Тілеубекова сапасына дән риза.
-Көрмеден әдемі шапан сатып алдым, сапасы керемет, кез келген жиын-тойға ұялмай киіп бара аласың – дейді өскемендік келіншек.
Тағылымды шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасы мен мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен өтуде.