Өскеменде «Сәулетай» балалар спорттық ойындары басталды
Өскеменде XI облыстық «Сәулетай» балалар спорттық ойындарының салтанатты ашылуы өтті.
«Сәулетай» балалар спорттық ойындарының ашылуы жас спортшылардың шеруімен басталды. Жарысқа қатысушыларды ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов құттықтап, жарыстың әділ өтуін мақсат еткенін айтты.
– Бүгін «Сәулетай» жарысына мектепішілік және аудандық жарыстардан үздік нәтиже көрсеткен оқушылар іріктеліп келді. Барлығы 448 бала 8 спорт түрі бойынша бақ сынап, жарысатын болады, – деп атап өтті ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.
«Сәулетай» ойындарында Шығыс Қазақстан облысының 13 ауданынан келген жас спортшылар өзара күш сынасады. Бұл шара – жас спортшыларды салауатты өмір салтына баулудың бір жолы ғана емес, ел намысын қорғауға лайықты болашақ спортшыларды іріктеу мүмкіндігі.
– «Сәулетай» жарысында қаржылай сыйлықтар қарастырылмаған. Біз тек алғыс хаттар, медальдар мен кубоктар береміз. Жарысты өткізудегі тағы бір маңызды мақсатымыз – болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтау. Бүгіннен бастап жарыстың алдағы 4 күнінде облыстың бетке ұстар бапкерлері жарыстың барысын бақылап, білікті спортшыларды таңдап алады. Болашақта сол балаларды өздеріне тартып, ел намысын қорғауға лайықты етіп тәрбиелеуге тырысады, – деп қосты Асқар Можанов.