Жаңалықтар

Алматы облысындағы жаңа ет өңдеу зауыты өңірді жоғары сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етеді

Алматы облысы Кеген ауданының Тасашы ауылында «Кеген МясоПром» ет өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 2,5 миллиард теңге, зауыт құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда.

 

Жоба ірі қара мал, ұсақ мал және жылқы етін өңдеуге бағытталған. Кәсіпорын тәулігіне 40 бас ірі қара малды, 150 бас ұсақ малды және 10 жылқыны өңдей алады. Зауыттың қуаты жылына 3 мың тоннаға дейін ет өңдеуге, 331,5 тоннаға дейін шұжық өнімдерін және 66 тонна ет консервілерін өндіруге мүмкіндік береді.

 

Зауыт құрамында арнайы цехтар болады: шұжық цехы ауысымына 1,5 тонна шұжық өнімдерін, консерві цехы 1000 банкеге дейін өнім шығара алады. Алғашқы кезеңде шикізат Кеген және Райымбек аудандарының фермерлерінен сатып алынатын болады, ал болашақта кәсіпорын тұрақты шикізат қорына ие болу үшін өз бордақылау алаңдарын құруды жоспарлап отыр.

 

Жаңа зауыт өңірдегі мал шаруашылығының дамуына оң әсер етіп, жергілікті халықты сапалы және қолжетімді ет және шұжық өнімдерімен қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Back to top button