Жаңалықтар

ШҚО әкімі: Қуатты ел құру жолында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбегі зор

 

Ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімі Ермек Көшербаев ел ырысын еселеп, еліміздің және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматтарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, марапаттады.

Қараша айының үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналды. Облыс әкімі салтанатты мерекелік шарада осындай жетістіктерге жетуге атсалысып, тер төгіп, табанды жұмыс жасап жатқан еңбек майталмандарына алғыс айтты.

– Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында еліміз ірі аргоөнеркәсіпті елге айналды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да атап айтып, алда атқарылар нақты істерді бағыттап берді. Біздің облыстың ауыл шаруашылығында саланы әртараптандыру шаралары жүргізіліп, жер-жерде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірістері ашылып, күтілген нәтижені беріп жатыр. Аймақтағы танымал өндіріс орындары аудан кәсіпкерлерімен бірлесе өздерінің брендтік өнімдерін шығаруға күш салып, ауылдың жағдайын, әлеуетін арттыруға өз үлестерін қоса алуы керек. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалар бар. Соның ішінде біздің облыста бір-бірімен тығыз байланысты болып отырған экономиканың туризм мен ауыл шаруашылығы салаларын біртұтас дамытуға назар аударылмақ. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, қуатты ел құру жолында бірлесіп атқаратын іс-қимылда қажымас қайрат, толайым табыстар тілеймін, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі, тіршіліктің күретамыры. Төрт түлік баққандардың, егістігін жайқалтып, ыстық нан пісіріп жатқандардың, агрономдар мен мал дәрігерлерінің, өнімдерді өңдеумен, қайта өңдеумен айналысатын аралас салаларда жұмыс істеп жатқан мамандардың, жұмысшылардың арқасында ел дастарханы әр кез молынан жайылып отыр. Мерекелік шарада «Ерен еңбегі үшін» медалімен Күршім ауданындағы «Ерасыл» ШҚ иесі Қатанов Достық, Алтай ауданындағы «Средигорное-2» ЖШС сауыншысы Сейлханова Гүлмира, «Шығыс-Сүт» корпорациясы» ЖШС бас технологы Сембаева Шынар, Кузнецов Федор «Ми-2» ұшағының командирі, « «Құрмет» орденімен Зайсан ауданындағы «Сәтбай» ШҚ иесі Адиков Қайрат, «Парасат» орденімен «Aitas KZ» АҚ сыртқы байланыстар және GR жөніндегі вице-президенті Тоқсеитова Рабиға марапатталды.

Мереке күні «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен: Муслимов Эльдар – «Милейко» ЖШС (Глубокое ауданы), Көшерова Жаннат – Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы, Омарбеков Сержан – «Бота» ШҚ иесі (Тарбағатай ауданы) Кабирахман Ержан – (Марқакөл ауданы) марапатталды.

Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан тағы да бір топ азаматқа көп жылғы адал еңбектері үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің және Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Олардың қатарында: Тоқтасынов Кенжеғазы – «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжирибе станциясы» ЖШС басқармасының төрағасы, Разханов Қадылбек – «Дарын» ШҚ жұмысшысы (Зайсан ауданы), Исмағұлов Маралхан – «Жасұлан» ШҚ иесі (Тарбағатай ауданы), Веригин Дмитрий – «Селигер» ШҚ иесі (Үлкен нарын ауданы), Мамыр Дәулет – «Новополяковское» ЖШС директоры (Үлкен Нарын ауданы), Мусина Қазия- тракторшы зейнеткер (Ұлан ауданы), Дакиев Ержан -кәсіпкер (Шемонаиха ауданы), Ахмадиев Ербол – «Ұлар» ШҚ басшысы (Тарбағатай ауданы), Адилова Бибігүл – жеке кәсіпкер (Тарбағатай ауданы), Қалдешов Асылбек «Дастан» ШҚ иесі (Күршім ауданы), Мамажанова Күләш – «Алтай» ШҚ иесі (Марқакөл ауданы), Құдайбергенов – «Құдайбергенов»ШҚ иесі (Самар ауданы), Мамбетов Дархан – «ТалдыЕкпін» ЖШС директоры (Самар ауданы) облысымыздың ауыл шаруашылығында тер төгіп жатқан тағы да басқа көптеген еңбеккерлер бар.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бірқатар азаматтарды «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Олар – Сайлаубаев Сейлжан – «Восток-Молоко» ЖШС директоры (Өскемен қ), Ахметжанов Тұрсынбек – «Көрпебай» ШҚ иесі (Ұлан ауданы), Карыбаев Жеңісбек- ШҚ иесі (Зайсан ауданы) және Жумадилов Хайдарды – «АгрокешенБек» ЖШС бас инженері (Самар ауданы).

– Еліміздің Президенті жуықта өткен ауыл еңбеккерлері форумында мықты мемлекет болу үшін ауылды дамыту аса маңызды екенін айтты. Қалада туып, қалада тұрып жатқан қазақтың да тамыры – ауылда. Табысқа жеткен әр адам туған жерін ұмытпағаны абзал. Туған ауылымыз Сарыөлеңді көркейтуге, көшелерін жарықтандыруға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Ауданымыздың іргелі шаруашылықтары ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеріп, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын көтеруге атсалысуда. Күршім ауданында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Сарыөлең ауылында мал шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма он жылдан астам уақыт өтті. Қожалығымызда бірнеше ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Ірі қара, ұсақ мал өсіріп жатырмыз, мал азығын дайындауға техникамыз жеткілікті. Алдағы уақытта жылқы басын арттыруды да көздеп отырмыз. Қазір қолымызда 200 бастай жылқы бар, – дейді «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Күршім ауданындағы «Ерасыл» ШҚ иесі Достық Қатанов.
Мерекеге жиналған ауыл еңбеккерлеріне облыс өнерпаздары ән-жырын арнады.

Back to top button