Жаңалықтар

ШҚО әкімі: «Әрбір қызметкердің рөлін айқындап, жасаған еңбектеріне құрмет көрсетуіміз керек»

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев құқық қорғау органдары қызметкерлерімен арнайы кеңесте бас қосты. Кездесу барысында өңір басшысы жазатайым оқиғаларда немесе шұғыл жағдайларда дер кезінде көмек қолын созатын учаскелік инспекторлардың ерен еңбегін атап өтті.
– Мемлекет басшысы айтқан жалпы қағиданы еске салғым келеді: «Біз саяси плюрализмді қолдасақ, ал экстремизм, бандитизм, бұзақылыққа әрқашанда жол жоқ». Сондықтан әрбір полиция қызметкерінің халықтың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз етуде алар орыны орасан зор. Азаматтармен жекелей жұмыс жасау және қылмысқа қарсы күрес әуелі тәртіп сақшыларының қызметінен басталады. Құқық қорғау органдарыны қызметкерлерінің рөлі артып, еңбектеріне деген құрмет күшейе түсуі керек. Мен облысымызда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматттардың барлығына ризамын, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ кеңес барысында учаскелік инспектор Бақытжан Өтеулин мен жүргізуші Алтынбек Мязев ерлік жасағаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.
– Жақында Ұлан ауданындағы екі әріптесіміз бүтін бір отбасыны түтін жалмаған үйден аман алып қалды. Сондықтан біз оларға кәсібилігі мен жеделдігі үшін алғыс хаттар бергіміз келеді, — деді полиция генерал-майоры, ШҚО ПД бастығы Оман Омарбеков.
Кеңесте облыс әкімі өңірде «Дауыл» жобасы мен көшедегі бейнебақылауларды жаңартуды қоса алғанда, бейнебақылау жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл шаралар қылмысты дер кезінде анықтауға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға көмектеседі. Қазіргі таңда материалдық-техникалық базаны нығайтуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде.

Back to top button