Талғар ауданында 250-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда
Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының арқасында, бүгін Талғарда 50 отбасы жаңа пәтерлеріне көшіп, баспана қуанышына бөленді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Талғар ауданы құрылыс бөлімімен бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.
Жаңа қоныстанушылар арасында 10 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар, оларға жайлы жағдайда дербес өмір бастау мүмкіндігі берілді. Тағы 10 пәтер көпбалалы отбасыларға, соның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған немесе «Батыр Ана» атағын алған аналарға берілді. Қалған 30 пәтер басқа да тұрғындарға, өз баспанасын алуға қиындық көріп жүрген адамдарға таратылады.
«Бүгін біз үшін ерекше күн. Біз тек пәтердің кілтін алып қана қоймай, жаңа өмір бастау мүмкіндігін иелендік. Бұл қолдау — қиын жағдайға тап болған адамдар үшін шынайы көмек. Біз өзіміздің жаңа үйімізде бақытты болып, болашаққа сеніммен қарайтынымызға қуаныштымыз. Бұл бағдарлама тек бізге ғана емес, басқа да көмекке мұқтаж отбасыларға да қолдау көрсетеді деп сенеміз. Бұл — біз үшін жаңа өмірге қадам жасау!» – деп атап өтті көпбалалы ана Майра Баймурзаева, жаңа баспанасының бақытты иегері.
Бұл бастама тек тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік тұрақтылығы мен әділеттілігін нығайтуға ықпал етеді. Әр пәтер — тек баспана емес, әр отбасының жарқын болашаққа деген үміті. 2024 жылдың соңына дейін әлеуметтік осал топтар қатарындағы кезекте тұрғандарға арналып тағы 47 пәтер сатып алу жоспарланған.
«Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтар үшін тұрғын үй мәселесін шешу — біздің басты міндетіміз. Бүгін 50 отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алып, болашаққа сеніммен қарайтын болды. Бұл — Талғар ауданы тұрғындарының жайлы әрі әділетті өмір сүруі жолындағы тағы бір қадам. Сонымен қатар, алдағы алты айда Талғар ауданында 450-ден астам пәтер пайдалануға беріледі», – деп атап өтті Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков.