Жаңалықтар

Түнгі Түркия: 25 тарихи орын енді кешке дейін ашық

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің «Түнгі мұражайлар» жобасы биылғы жазда да жалғасын тауып, саяхатшыларға 25 тарихи нысанды кешкі уақытқа дейін тамашалауға мүмкіндік береді.

 

Өткен жылы басталған бұл ауқымды бастама 395 мыңнан астам туристі қызықтырған болатын. Енді, жоба аясында, атақты Эфес (Измир) және Иераполис – Памуккале (Денизли) секілді нысандар арнайы жарықтандырылып, түнге дейін жұмыс істейді.

Ыстанбұл археология-мұражайы


Ыстамбұл мен Анкарада – кешкі мәдени серуен

Елдің мәдени орталықтары саналатын Ыстамбұл мен Анкарадағы тарихи мұражайлар кешкі уақытқа дейін есігін айқара ашады. Мәселен, Ыстамбұлдағы Галата мұнарасы 23:00-ге дейін жұмыс істесе, Аясофия интерактивті мұражайы, Түрік және ислам өнері мұражайы мен Археологиялық мұражайлар 22:00-ге дейін келушілерді қабылдайды. Ал астана Анкарадағы Анадолы өркениеттері мұражайы мен Этнография мұражайы сағат 21:00-ге дейін келушілерге қызмет көрсетеді.

Эфес ежелгі қаласы, Измир


Эгей мен Жерорта теңізі жағалауларында түнгі турлар

Эгей және Жерорта теңізі жағалауындағы танымал орындар да түнгі уақытта ашық болады, бұл демалушыларға ерекше атмосфераны сезінуге мүмкіндік береді. Эфес сәрсенбі мен сенбі аралығында 23:00-ге дейін жұмыс істесе, Измирдегі Мәдениет және өнер фабрикасы 21:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Бодрумның су асты археология мұражайы (Мугла), Иераполис (Памуккале) мен Анталиядағы Аспендос, Патара, Сиде сынды көне қалалар 22:00-ге дейін ашық болады.

Немрут тауы, Адыяман


Кападокия мен Шығыс Анадолы – түнгі саяхатқа лайық

Кападокияның тереңдегі жер асты қалалары — Деринкую, Каймаклы, Өзконак — кешкі 21:00-ге дейін ашық болып, таңғажайып әлемге жетелейді. Ал Немрут тауы (Адыяман) таңды қарсы алуға арналған бірегей бағыт ретінде таңғы 4:00 мен 9:00 аралығында жұмыс істейді, бұл көруге тұрарлық таңғажайып көрініс ұсынады.

Газиантептегі Зеугма мозаика мұражайы мен Шанлыурфадағы Гөбеклітепе, Карахантепе секілді ежелгі неолит нысандары және Халеплибахче мозаика мұражайы кешкі 21:00-ге дейін келушілерді күтеді. Қаратеңіз жағалауындағы Самсун мұражайы кешкі 22:00-ге дейін, Эрзурумдағы мұражай 21:00-ге дейін жұмыс істеп, елдің әр өңірінен келушілерге мәдениет пен тарихты тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Зеугма мозаикалық-мұражайы, Газиантеп
Анталия мұражайы
Денизли Иераполис түнгі мұражайы
Back to top button