«Таза Қазақстан»: өскемендік студенттер жылу электр орталығына экскурсия жасады

Өскемен қаласын жылумен, ыстық сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Өскемен жылу электр орталығына барған ШҚТУ студенттері маңызды стратегиялық нысанның жұмысымен, өндіріс аумағындағы экологиялық мониторинг жүргізудің ерекшеліктерімен, энергетика саласына кадрлар даярлау жүйесімен және өнеркәсіптік білім беру аясында экологиялық стандарттарды енгізу тәжірибесімен танысып қайтты.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында облыстық экология департаменті ұйымдастырған экскурсияға ШҚТУ-дың “Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі” мамандығында оқып жатқан студенттер қатысты. Олар өндіріс ошағындағы экологиялық бақылаудың қалай жүргізілетінін, кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту бағытындағы нақты шараларды көзбен көріп, көңілге түйді.
Студенттер Өскемен ЖЭО-мен танысуды осы кәсіпорын жанындағы корпоративтік оқыту орталығынан бастады. Оның жетекшісі Наталья Слабодчикова болашақ экологтар мен инженерлерге арналған оқу бағдарламалары туралы баяндап берді. Бұл бағдарламалар кәсіпорын қызметкерлері, мердігерлер және студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге, еңбекті қорғау мен экологиялық тұрақты құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Кәсіпорынның бас экологы Марина Стрельцова жылу электр орталығындағы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған үздік қолжетімді технологиялар, өндірістік экологиялық бақылау жүйесі және тәуекелдердің алдын алу шаралары жөнінде әңгімеледі.
Төбесінен де, төменінен де көзге түсетін, биіктігі 180 метрлік түтін мұржасымен ерекшеленетін Өскемен ЖЭО-да жүргізіліп жатқан экологиялық іс-шаралар, санитарлық-өндірістік зертхананың жұмысы студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Зертханаға кірген студенттерге зертхана жетекшісі Гүлзана Шафигуллина қоршаған орта сапасын бақылау әдістері мен заманауи зерттеу құралдары туралы айтып берді.
– Жылу және электр энергетикалық жабдықтар полигонымен жабдықталған «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің корпоративтік оқыту орталығы – мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру ісіндегі маңызды буын. Оның басты мақсаты – қызметкерлердің кәсіби және тұлғалық әлеуетін дамыту, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік мәдениетін арттыру, сондай-ақ ішкі жауапкершілік жүйесін барлық деңгейде қалыптастыру, – дейді орталық жетекшісі Наталья Слабодчикова.
Жүйелі оқыту аясында бұл жерде өндірістік қауіпсіздік бойынша аттестаттаудан өту, еңбекті қорғау, алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да өндірістік оқулар жүргізіледі.
Өскемен ЖЭО қалалық колледждер мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Корпоративтік орталық базасында дуалды оқыту мен өндірістік тәжірибе бағдарламалары жүзеге асырылып, студенттерге кәсіби біліктілікті, соның ішінде экологиялық және техносфералық қауіпсіздік саласындағы дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік жасалған.
– Өскемен ЖЭО электр мен жылу өндіре отырып, қоршаған ортаны ластаушы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Осы экскурсия барысында студенттер санитарлық-өндірістік зертхана жұмысымен танысып, өндірістен ауаға бөлінетін шығарындыларды азайту жолдары мен өндіріс аумағына жүргізілетін экологиялық мониторинг барысын көрді. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының басты мақсаты – жас ұрпақты, яғни болашақ мамандарды қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық жағдайды жақсартуға баулу, – дейді ШҚО экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Досан Олжабаев.