Жаңалықтар

Қызылордада мемлекеттік органның заңгерлері бас қосты

 

Қызылорда облысының Әділет департаментінің бастамасымен мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіруге арналған маңызды жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуге облыс әкімі аппаратының Мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Жанәлі Бахыт Нұрланұлы төрағалық етті.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық мемлекеттік мекемелердің заңгер мамандары кеңінен қатысты. Кездесу барысында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу, тіркеу және ресми жариялау процестерінде туындайтын өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібінде бірнеше маңызды тақырып қамтылды. Альбина Жиенбаева нормативтік құқықтық актілерді Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау кезіндегі қиындықтарға тоқталса, Нұржан Бодыбаев актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу тәжірибесіндегі мәселелерді талдады. Сондай-ақ, Маржан Умербаева жер учаскелеріне жекеше сервитут белгілеу туралы актілерді қабылдаудың ерекшеліктерін айтты. Бұған қоса, Ғалия Байсынова мен Жүсіпбек Ажибеков жаңадан қабылданған Бюджет кодексі мен Су кодексінің негізгі ерекшеліктерін таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар заң қызметтерін үйлестіру саласында өзара тәжірибе алмасып, құқықтық құжаттаманы жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар мен нақты міндеттер анықталды. Бұл іс-шара өңірдегі құқықтық мәдениетті арттыруға және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

Мемлекеттік органдардың заңгерлері алдағы уақытта да осындай бірлескен жұмыс арқылы құқықтық процестердің тиімділігін арттыруға, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға ниетті.

Back to top button