Ұлытау облысында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы басталды

Бүгін Ұлытау облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 2025 жылғы еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Бұл бастама – жастарды еңбекке баулуға, қоршаған ортаны қорғауға және патриоттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды жоба.
Салтанатты жиында облыстың Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев пен Жезқазған қаласы әкімінің аппарат басшысы Нұрым Ысқақов жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, табыс пен сергектік тіледі.
Биылғы маусымда өңір бойынша 700-ге жуық жас жұмыспен қамтылмақ. Атап айтқанда:
-
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларынан – 150 жас,
-
Қаражал қаласынан – 165 жас,
-
Ұлытау ауданынан – 90 жас,
-
Жаңаарқа ауданынан – 70 жас еңбек жасақтарына қатысады.
Жастар көгалдандыру, абаттандыру, сенбілік ұйымдастыру, сондай-ақ түрлі экологиялық шараларға атсалысады. Бұл олардың тек еңбек дағдыларын дамытуға ғана емес, сонымен қатар туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді.
Б. Жайлаубаевтың айтуынша, «Жасыл ел» жобасы — жастардың жазғы демалысын тиімді пайдаланып, қоғамға пайда әкелетін мүмкіндігі. «Жастар еңбек етіп қана қоймай, командалық рухты сезінеді, бір-бірімен достасып, өмірлік тәжірибе жинайды», – деді ол.
Айта кету керек, барлық қатысушыларға арнайы дайындалған 700 дана біріңғай фирмалық киім таратылды. Бұл — жастардың бірігіп, бір мүдде жолында еңбек етуіне рух беретін маңызды символ.
Шара соңында қатысушылар патриоттық ән айтып, көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсті.