ШҚО әкімі: «Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлы — тек шығыстың емес, бар қазақтың мақтанышы»
Алтайдай ару мекен, бар қазақтың алтын бесігі атанған киелі өңір — Катонқарағайда ұлт руханиятының қос алыбы Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлына арналған «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты поэзиялық фестиваль өтті. Бұл шара — туған топырағына ту еткен тарландарға деген ел алғысы мен мәңгілік тағзымның айғағы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Алтай» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Барқытбел» этно-ансамблі, «An.Sal.Dar», «Назқоңыр», «Дарабоз» вокалдық топтары өз өнерлерін ұсынып, кештің көркін аша түсті. Сондай-ақ сахна төрінде Нұргүл Қабдоллаева, Халық Хамит және Жаухаз Бабаханова сынды талантты әншілердің орындауындағы әсерлі туындылар орындалып, көрермен жүрегіне жол тартты.
– Қазақ әдебиетінің абыздарына айналған Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлы — тек шығыстың емес, бар қазақтың мақтанышы. Бұл қос алыптың кіндік қаны тамған қасиетті Катонқарағай төрінде ұлықталуы — заңды әрі тағылымды іс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мәдениет пен руханиятты сақтау мен дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі шара – соның бір дәлелі, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Халқының мұңын мұңдап, елінің жүгін арқалаған Қалихан мен Дидахмет сынды қаламгерлердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы — келешек ұрпақ үшін өнеге. Олар қазақ әдебиетінің алтын қорына өлшеусіз үлес қосты.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА