Жаңалықтар

«XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы 

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг Агенттігі Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тапсырмалары аясында қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға айрықша назар аударады.

Осы орайда, а.ж. 25 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру Департаменті С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум ұйымдастырды. Іс-шара қаржы пирамидаларына, интернет-алаяқтыққа, дропперлікке қарсы іс-қимыл және интернет-гигиена мәселелеріне арналды. Аталған форум форматы интерактивті түрде өтті, яғни қатысушылар QR-код арқылы анонимді түрде сұрақтарын қойып, Департамент қызметкерлерінен толыққанды жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Форум жұмысына қала әкімі А.Т. Ақышов, мәслихат депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, ірі еңбек ұжымдары, жастар қозғалыстарының мүшелері, сондай-ақ танымал блогерлер, медиатұлғалар және спортшылар қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтері туралы түсінік қалыптастыру болды.

Форум барысында спикерлер қатысушыларға экономикалық құқықбұзушлықтар: қаржы пирамидалары, дропперлік, фишингтік шабуылдар және өзге де қаржылық алаяқтық схемалары туралы ақпарат беріліп, аталған құқықбұзушылықтарды анықтау тәсілдері мен киберқауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, форумға қатысқан танымал блогерлер С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті дайындаған арнайы репортажда қала тұрғындары арасында азаматтардың алаяқтық схемалар жайында қаншалықты хабардар екенін анықтап, зерттеу нәтижелері туралы белсенді түрде пікір алмасты.

«Еліміздегі басым бағыттардың бірі – қаржылық қылмыстармен күрес. Цифрлық технологиялар дамыған заманда алаяқтықтың жаңа түрлері күн санап көбеюде, ал қарапайым халық олардың құрбанына айналуда. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен қаржы саласының мамандары түрлі қауіп-қатерлер мен тәуекелдер жайында ақпараттандыру үшін аянбай еңбек етуде. Бүгінгі форум да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен полиция департаменті қызметкерлері және басқа да сарапшылар бірігіп, қаржылық қауіпсіздік бойынша практикалық жұмыс атқаруда», – деп атап өтті ШҚО бойынша ЭТД басшылығы.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады. Сақ болып, күмән туғызатын жағдайларда құқық қорғау органдарына хабарлаңыздар.

 

#заңментәртіп #законипорядок

Back to top button