Эстрада жұлдыздары металлургтер күнінде Өскемен жұртшылығын құттықтады

Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында Металлургтер күні аталып өтті. Іс-шара Жұмысшы кәсіптері жылы аясында ұйымдастырылды.
Металлургтерді кәсіби мерекемен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
«Шығыс Қазақстан – еліміздің индустриялық дамыған аймағы, табиғи ресурстарға бай, Қазақстанның түсті металлургиясының негізгі бөлігін иеленеді. «Қазцинк» компаниясы еліміздегі түсті металлургия саласында жетекші орында тұр. Сіздердің ұжымдарыңыз кәсіби мәдениеттің жоғары деңгейін, командалық рух пен үнемі даму ұмтылысын көрсетеді. Жүзеге асып жатқан жобалар мен тұрақты өндірістік көрсеткіштер аймақ пен тұтас республика экономикасының әлеуетін нығайтуға үлес қосуда», – деді облыс әкімі өз құттықтауында.
Салтанатты кеште «Қазцинк. Табыстар тарихы» корпоративтік байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жеңімпаздар қатарында:
«Үздік жас қызметкер» номинациясы бойынша – Өскеменнен Аслан Тұрғымбаев,
«Еңбек әулеті» номинациясында – Риддер қаласынан Злата Вахрушева,
«Менің ісім – менің мақтанышым» – Өскеменнен Алишер Раимханов,
«Жастардың тәлімгері» – Өскеменнен Әлішер Сабиолдин,
«Әлсіз емес әйелдер» – Көкшетаудан Камила Тұрғынбаева,
«Бізді «Қазцинк» таныстырды» – Жайремнен Сандуғаш Дөмебаева болды.
Жеңімпаздарға 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Сондай-ақ, шара аясында дәстүрлі «Ізгі жүрек» сыйлығының иегерлері марапатталды. Өскеменде суға батып бара жатқан қызды құтқарған Ұлттық Ұлан әскери қызметшісі Жанасбек Пермабекке мүсінше және 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Бұл сыйлыққа облыс орталығының студенттері Алмас Елемес пен Ерасыл Омарханов та ие болды. Алмас пышақпен шабуыл жасаған азаматты тоқтатып, полиция келгенше ұстаған. Ал Ерасыл мұзды өзеннен баланы құтқарып, алғашқы көмек көрсеткен.
«Металлургтер күні – біздің үлкен отбасымыздың мерекесі. Бұл – компания бөлімшелері орналасқан елді мекендердің тұрғындары мен қызметкерлерінің ортақ қуанышы. Біз тек кәсіби жетістіктерімізді ғана емес, өзгеге қол ұшын беріп, батырлық көрсеткен жандарды да марапаттай алатынымызға қуанамыз», – деді «Қазцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботин.
Бағдарламада ойындар, байқаулар, викториналар, фотозоналар мен дәмді тағамдар ұсынылды. Мереке қазақстандық эстрада жұлдыздары – Рахман Сатиев, Жандаурен Аблаев және шетелдік әнші Maruv қатысқан концертпен аяқталды.