Аймақтар

Шығыс Қазақстанда ең берік әрі тату отбасылар марапатталды

Шығыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Биылғы іріктеу турына 154 отбасы қатысып, олардың ішінен 13 отбасы финалға өтті.

Жеңімпаз деп Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында көп жылдар бойы қарауыл болып еңбек еткен Жанат Жақыповтың отбасы танылды. Жұбайы Сағымжан екеуі алты бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде он үш немеренің қуанышына бөленіп отыр. Ерлі-зайыптылар 1983 жылы шаңырақ көтерген, ол күн қазір Қазақстанда Отбасы күні ретінде аталып өтеді. Енді Жақыповтар отбасы республикалық кезеңде Шығыс Қазақстанның намысын қорғайды.

Қазылар шешімімен екінші орынды Ұлан ауданынан келген Сембаевтар отбасы иеленсе, үшінші орын Өскемен қаласынан қатысқан Қалиғажиновтар отбасына бұйырды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтанов қатысушыларды құттықтап, қоғам үшін отбасы институтының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әр шаңырақтағы татулық пен ұрпақтар сабақтастығы – ел тұрақтылығы мен болашағының берік негізі.

Жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы отбасының мәртебесін нығайтуға, озық үлгілерін насихаттауға және жас ұрпаққа түсіністік пен жауапкершіліктің құндылығын ұғындыруға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button