Жаңалықтар

Ұлытау облысында ауыл жастары үшін жаңа бокс үйірмесі ашылды: “Болашақ чемпиондар бастауы” жобасы

Ұлытау облысында ауыл жастарына арналған жаңа спорттық бастама жүзеге асты. 2025 жылдың 12 қараша күні Теректі станциясының №6 негізгі орта мектебінде “Болашақ чемпиондар бастауы” атты жобасы аясында бокс үйірмесінің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шара Ұлытау облысының әкімдігі мен облыстық спорт және білім басқармаларының бірлескен күш-жігерімен ұйымдастырылды.

Аталған үйірме ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беруді басты мақсат етті. Сонымен қатар, ауыл жастарының арасынан спортқа бейімі бар дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін шыңдау және отансүйгіштік рухта тәрбиелеу де – жобаның негізгі міндеттері болып табылады.

Салтанатты рәсімді мектеп директоры Байжабак Ғани Әбденұлы ашып, шараға қатысушыларды құттықтады. Ал Ұлытау облысының Жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы, Бокс федерациясының президентінің кеңесшісі Саят Сәбиұлы Балмағанбетов және спортты дамыту орталығының басшысының орынбасары Тілеген Қабиденұлы жас спортшыларға сәттілік пен табыс тіледі.

Бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Мұқанов Шамиль Ідірісұлы өз жұмыс жоспарын таныстырып, үйірменің алғашқы бағыттарын баяндады. Бұл тек спорт үйірмесі ғана емес, бұл — болашақ чемпиондардың, қайсар тұлғалардың алғашқы қадамы. Бокс тәртіпке баулиды, батылдыққа үйретеді және өзін-өзі басқаруға жетелейді.

Айта кету керек, бұл бастама — ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалардың армандарына жол ашуға бағытталған маңызды іс-шара. Сол сияқты алты жыл бұрын тоғызқұмалақ спорты бойынша ашылған үйірме өз нәтижесін беріп, көптеген жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Сол үйірмені Кабденова Жазира Асилхановна жүргізеді.

Биыл қолданысқа берілген жаңа мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ауыл балалары үшін барлық жағдай жасалған, бұл олардың спорттық дамуына керемет мүмкіндік береді.

Жас спортшыларға толағай табыс тілей отырып, Ұлытау облысында ауыл жастары үшін спорттық үйірмелерді ашуды жалғастыруға, “Батыр боламын” қоғамдық қоры арқылы жаңа жобаларды қолдауға ұсыныстар жасалды. Алдағы уақытта бұл бастамалардың нәтижесін көретін боламыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button