Жаңалықтар

ШҚО-да туризм 4 бағыт бойынша дамытылып жатыр

Туризм Шығыс Қазақстан облысы экономикасын дамытудың стратегиялық маңызды салаларының біріне айналып отыр. Өңірде туризмді жүйелі дамыту мақсатында төрт негізгі кластер айқындалған: Катонқарағайдағы wellness-туризм, Марқакөл аумағындағы экологиялық туризм, Риддердегі тау-шаңғы туризмі және Өскемен мен оған жақын аудандарда демалыс күндері туризмі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеңінен баяндап, әр кластердің өңір экономикасын дамытудағы рөліне тоқталды.

Әкімнің айтуынша, туризм бағыттарын жүйелеу инвесторларды тартуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қызмет сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді.

Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері тау-шаңғы туризмін дамытуға айрықша жағдай тудырып отыр. Қыс мезгілінің ерте басталуы мен қардың қалың түсуі Риддер аумағында спорт пен демалыс үшін үлкен әлеует ашуда. Қазір бұл жерде жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» көпфункционалды туристік кешені салынуда. Жоба тау туризмі орталығын ғана емес, кәсіби спортшыларды даярлау базасын да қамтиды. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай жаңа қонақүйлер салуды PanaAsia компаниясы қолға алып жатыр.

Медициналық туризм де Шығыста айтарлықтай серпін алуда. Өскемендегі онкология және хирургия орталығы негізінде ЧЕК-АП қызметтері көрсетіліп, қолжетімді бағамен ұсынылуда: Өскеменде орташа құны – 500 АҚШ доллары, ал дәл осындай тексерулер Кореяда 5–10 мың долларға дейін жетеді. Бұл өңірге келетін медициналық туристер санын арттыра түсуде.

Туристер ағынын күшейтуге AltaiFest және «Шығыс Салбурыны-2025» сияқты ірі имидждік жобалар да елеулі үлес қосуда. Соңғы өткен «Шығыс Салбурыны» фестиваліне Қазақстан, Ресей, Қытай, Испания, Венгрия, Моңғолия және Қырғызстаннан келген 148 бүркітші қатысып, отандық және шетелдік қонақтарға ұлттық мұраның бірегей көрінісін паш етті. Шараны тамашалауға 10 мыңнан астам көрермен жиналған.

ШҚО-дағы туризм бағыттарының дамуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ішкі және сыртқы туристер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button