12 мың жылдық құпия: Түркияның неолиттік мұрасы жаңа қырынан ашылды

Шанлыурфа өңіріндегі құнарлы Харран ойпатында орналасқан Таш төбелер (Taş Tepeler) жобасы адамзаттың ежелгі тарихы туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертіп келеді.
Неолит дәуіріне жататын 12 қазба алаңын біріктіретін бұл жоба бес жыл ішінде 30-дан астам жаңадан табылған артефактіні ғылыми ортаға ұсынды. Әрбір олжа – 12 мың жыл бұрынғы өмірдің жаңа қырын ашатын құнды дерек.
Биыл Қарахантепе келушілер орталығында таныстырылған ең ерекше жәдігерлердің бірі – Сайбурчтан табылған аузы тігіліп бейнеленген адам мүсіні. Бұл – көне дәуірдегі жерлеу рәсімдері мен символикалық түсініктердің айқын дәлелі. Ал ЮНЕСКО тізіміндегі әйгілі Гөбеклитепеде қабырғаға салынған адам бейнесі табылып, сол заман шеберлерінің эстетикалық талғамының жоғары болғанын көрсетті.

Сефертепеде табылған екі түрлі техникамен қашалған адам бетінің рельефтері де назар аударарлық. Сондай-ақ қара серпентиниттен жасалған, екі жақ бетіне адам бейнесі ойылған ерекше моншақ – сол дәуір қолөнерінің үздік үлгілерінің бірі.


Әлемнің неолиттік астанасы
Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсойдың айтуынша, Таш төбелер аймағы «Әлемнің неолиттік астанасына» айналуы мүмкін. Себебі 12 мың жыл бұрын Анатолияда тығыз қоныстанған, әлеуметтік құрылымы күрделі қауымдар өмір сүргенін дәлелдейтін деректер жыл санап көбейіп келеді.

Гөбеклитепе мен Қарахантепе – тек бастамасы. Оларға қоса Сайбурч, Сефертепе, Харбетсован, Чакмактепе, Йенимахалле, Сөгүт Тарласы, Мендиктепе, Йогунбурч, Гүрджүтепе және жаңадан қосылған Аянлар Хөюк – түгел бір дәуірдің жұмбағын ашатын археологиялық шоғыр.
Таш төбелер жобасының ауқымы да, деңгейі де теңдессіз. 15 түркиялық және 21 халықаралық ғылыми мекемеден жиналған 219 зерттеуші бір уақытта жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Гөбеклитепе мен Қарахантепедегі маңызды көне құрылымдар қалпына келтіріліп, жөнделуде. Сонымен қатар, туристер мен ғалымдар үшін заманауи орталықтар мен зертханалар салынуда.

Алтыншы жылына қадам басқан жоба адамзат өркениетінің бастауын қайта қарауға мәжбүр ететінжаңалықтарды ұсынуды жалғастырып келеді. Пирамидалардан да, Стоунхенжден де, жазба тарихтан да бұрынөмір сүрген қауымдардың күрделілігі – бүгінгі дүниетанымымызды түбегейлі жаңартатын дерек.



