Түркістан облысында энергия тапшылығын жою мақсатында ірі электр станциялары салынуда

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін
дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Қуат көздеріне қатысты ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Самұрық-Қазына» қорының көмегімен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Жоба құны – 800 млрд. теңге. Келесі жылы құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Жалпы құны – 155 млрд. теңге. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарланған. Түлкібас ауданында 320 МВт болатын бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт болатын 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар.
Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн. теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде өңір жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі.



