Ұлытау облысында прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті

Бүгін Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Прокуратурасы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай кең ауқымды салтанатты жиын өтті. Шараға өңірдің құқық қорғау саласындағы ардагерлері, прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ облыс басшылығы мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Мерекелік жиын прокуратура органдарының елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі айрықша рөлін атап өтуге арналды. Прокуратура қызметінің маңыздылығы мен жауапкершілігі атап көрсетіліп, қоғам қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі жоғары бағаланды.
Іс-шара барысында өз қызметінде кәсіби біліктілігімен, табандылығымен және адалдығымен көзге түскен бірқатар қызметкерлерге ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды. Марапат иегерлері құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін атап өтілді.
Жиында сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құқық қорғау жүйесінің қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікті қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтті:
«Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң мен тәртіп – берік мемлекет құрудың басты қағидаты» деген ұстанымы – әрбір құқық қорғау органы қызметкеріне жүктелген маңызды жауапкершілікті айқындайды. Сіздер әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда зор еңбек сіңіріп келесіздер. Осы жауапты қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар жиын барысында құқық қорғау органдарының өзге де басшылары сөз алып, прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сала үздіктеріне марапаттар табыстады.
Салтанатты рәсім құқық қорғау органдарының қызметін ашып көрсететін мазмұнды концерттік бағдарлама мен шығармашылық нөмірлермен жалғасын тапты. Мерекелік шара жылы жүзді кездесуге, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге және сала ардагерлеріне құрмет көрсетуге мүмкіндік берді.



