Жаңалықтар

Ұлытау ауданында Мұхтар Қапышұлы Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған тағылымды шара өтті

2025 жылғы 28 қарашада Ұлытау аудандық орталық кітапханасында Армия генералы, Халық қаһарманы, Ұлытау облысының Құрметті азаматы Мұхтар Қапышұлы Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай салтанатты және тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты — Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің абыройын арттыруға, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға зор үлес қосқан тұлғаның өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау, оның кәсіби және патриоттық қызметін дәріптеу.

Шараға Ұлытау ауданының орталық кітапханасының оқырмандары, зейнеткерлер, аудандық полиция бөлімі, ішкі саясат бөлімі, тарихи-өлкетану музейі және мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар іс-шараға аудан әкімдігінің, қоғамдық және ардагерлер кеңесінің, ауылшаруашылығы салалық кәсіподағының, қорғаныс істер бөлімінің өкілдері шақырылды.

Шараны Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары А. Қайрбек ашып, қатысушыларға Мұхтар Қапышұлы Алтынбаевтың қызметтік хроникасынан бейнесюжет ұсынылды. Құттықтау сөз сөйлегендер өз жүрекжарды лебіздерін білдіріп, оның өмір жолы мен ел алдындағы еңбегін жоғары бағалады:

  • Ұлытау ауданының ішкі істер бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Х. Ержанов,
  • Зейнеткер, ұлағатты ұстаз Ш. Құсайынқызы,
  • Ауыл еңбеккерлері мен ауылшаруашылығы салалық кәсіподағының Ұлытау облысы бойынша төрағасы М. Оспанов,
  • Ұлытау ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы С. Баймағанбетов,
  • Ұлытау ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Тәшенов,
  • Ұлытау ауданының қорғаныс істер бөлімінің бастығы, майор Д. Сәрсенбеков,
  • Ұлытау ауданының тарихи-өлкетану музейінің басшысы Р. Шынбергенов.

Шақырылған қонақтар аудандық кітапхананың Мұхтар Қапышұлы Алтынбаевқа арнап дайындаған ашық сөремен, сондай-ақ тарихи-өлкетану музейінің фото көрмелерімен танысты. Бұл көрмелер оның әскери және қоғамдық қызметінің маңызды сәттерін көрсетіп, оқушылар мен тұрғындар үшін танымдық мәнге ие болды.

Кештің мәдени бағдарламасы да ерекше болды: мәдениет үйінің әншілері Ж. Рашит, Г. Сыздықова және М. Жұмабаев патриоттық әндер орындап, қатысушылардың рухын көтерді. Мерекелік шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, ардагерлерге құрмет көрсету, жас ұрпақты патриоттыққа баулу сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Бұл іс-шара Ұлытау ауданының мәдени өмірінде, патриоттық тәрбиеде және тарихи-танымдық бағыттағы жұмыстарда маңызды рөл атқарады, сондай-ақ өскелең ұрпаққа үлгі болып, елге адал қызмет еткен тұлғаларды еске алуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button