Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Ұлытау облысында аймақтық фестиваль өтті

Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты аймақтық форум салтанатты түрде өткізілді. Іс-шараға өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлері, фермерлер, агроөнеркәсіп субъектілері, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форум барысында қатысушылар «АгроQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесін тамашалап, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, жергілікті өнімдер, инновациялық жобалар мен технологиялық жаңалықтармен танысты. Бұл көрме фермерлерге өндірісті жаңғырту, тиімділікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктерін көрсетті.
Іс-шараға Мәжіліс депутаты, Аграрлық комитет төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма басшысы Жигули Дайрабаев арнайы қатысты. Форум аясында сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтау рәсімі өткізілді, бірқатар еңбек озаттарына ведомстволық марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сөз сөйлеп, өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктеріне тоқталды:
«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға айрықша мән беріп отыр. Соның арқасында биыл біздің өңірге де айтарлықтай қолдау көрсетілді. Агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлініп, шамамен 780 шаруашылыққа нақты көмек көрсетілді. Олар техникаларын жаңартып, жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс тиімділігін арттыра алды. Жыл басынан бері 200-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Облыс құрылғаннан бері салаға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал жыл басынан бері 2,5 млрд. теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 46 пайызға өсті. Бұл жетістіктер біздің тұрақты дамуға деген сенімімізді нығайтады. Өңірдің ішкі өнімін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз», – деді өңір басшысы.
Форум барысында фермерлерді сапалы ресурстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, суару жүйелерін дамыту, техниканы жаңғырту және цифрландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласындағы қолдан ұрықтандырудың жаңа инновациялық бағдарламасытаныстырылды.
Талқылау қорытындысы бойынша облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Аймақтық форум фермерлерге тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға, жаңа бастамаларды іске асыруға және ауыл шаруашылығы саласын заманауи деңгейге көтеруге тиімді алаң болып табылды.
Іс-шараның қорытындысы ретінде барлық қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен инновациялық тәжірибелерді насихаттау, ауылдық жерлердегі өндірістік әлеуетті арттыру, сонымен қатар жас мамандар мен фермерлерді кәсіби тұрғыда ынталандырудың маңыздылығын атап өтті.



