Ұлытау облысында «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты форум өтті

Ұлытау облысында билік өкілдері, аграрлық сала мамандары, фермерлер және сала сарапшылары арасында ашық диалогқа арналған «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» облыстық агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) форумы өткізілді. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, облыс әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.
Форум жұмысы «AgroQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесінен басталды. Көрмеде ауыл шаруашылығы техникасы, заманауи жабдықтар, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық кезеңіне қатысушы жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдері ұсынылды. Көрме қатысушыларға өндірістік технологияларды жаңарту, тиімділікті арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдермен танысу мүмкіндігін берді.
Форумның пленарлық сессиясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Сессияға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев, Қазақстан фермерлерінің республикалық қауымдастығы басқармасының төрағасы Жигули Дайрабаев қатысты.
Форумның негізгі тақырыптары келесі мәселелерді қамтыды:
- фермерлерді сапалы ресурстармен қамтамасыз ету,
- мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру,
- ирригациялық жүйелерді дамыту және жаңғырту,
- ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту,
- өндірістік процестерге цифрлық технологияларды енгізу.
Сонымен қатар инновациялық жобалар аясында мал шаруашылығы саласындағы заманауи қолдан ұрықтандыру әдістерінің инновациялық бағдарламасы таныстырылды. Бұл бағдарлама фермерлерге мал өнімділігін арттыруға және кәсіби тәжірибесін жаңартуға мүмкіндік береді.
Талқылау қорытындысы бойынша Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін арттыруға және өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді. Форум аймақ фермерлері мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және бірлескен бастамаларды қалыптастыру үшін нәтижелі алаң болып табылды.
Іс-шара барысында қатысушылар агроөнеркәсіптік сектордың дамуы, жаңа технологияларды енгізу, жастар мен жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлердегі өндірістік әлеуетті күшейту бағытындағы маңызды міндеттерді талқылады. Форумның қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға нақты қадамдар жасалып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық шешімдер қабылданды.



