Діни тұрақтылыққа үлес қосқандар марапатталды

Ұлытау облысында діни қызметкерлерді, теологтарды және ақпараттық-түсіндіру бағытының мамандарын қолдау және олардың еңбегін мойындау мақсатында арнайы марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шара өңірде діни тұрақтылықты сақтау, конфессияаралық келісімді нығайту және қоғамдағы рухани құндылықтарды арттыруға қосқан үлестері үшін ерекше маңызды болды.
2025 жылы жоғары нәтижелер көрсеткен мамандар, соның ішінде конфессияаралық келісімді дамыту, деструктивті діни идеологияның алдын алу, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру бойынша тиімді жұмыстар атқарғандар, қаржылай ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Марапаттау рәсімі қатысушылардың кәсіби жетістіктерін бағалап қана қоймай, олардың жұмысын әрі қарай дамытуға ынталандыру болды.
Марапат алған мамандар Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының, сондай-ақ №62 түзету мекемесінің қызметкерлері. Олар қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, діни ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде айтарлықтай үлес қосып келеді. Олардың қызметі қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуда, жастар мен ересектер арасында дұрыс діни түсінік қалыптастыруда ерекше маңызды болып отыр.
Марапаттау рәсімі қатысушылардың кәсіби дамуын қолдауға, олардың тәжірибесін бөлісуге және өңірдегі діни тұрақтылықты одан әрі күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ, шара барысында мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта конфессияаралық ынтымақтастық пен діни білім беру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.
Бұл іс-шара өңірдегі діни қызметкерлердің еңбегін бағалау ғана емес, сонымен қатар Ұлытау облысының қоғамдық келісімі мен рухани тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бастамалардың бірі ретінде есте қалды.



