Қазақстандағы тұңғыш Әлеуметтік диалог орталығы ашылды – ШҚО

Өскемен қаласында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың қатысуымен республика бойынша алғашқы Әлеуметтік диалог орталығы ашылды.
Аталған әлеуметтік диалог орталығы алаңы – мемлекеттің, жұмыс берушінің және кәсіподақтардың ортақ пікірлерін тоғыстырып, өңір еңбеккерлерінің мүддесін қорғайды.
Әлеуметтік орталықтың салтанатты ашылу рәсімінің лентасын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, «Казцинк» ЖШС-і бас директоры Жанат Жанботин, ҚР «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов қиды.
– Бүгін біздің серіктестер, мемлекеттік органдар және бизнес өкілдері үшін аса маңызды күн деп айтуға болады. Әлеуметтік диалогты іске асыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтқым келеді. Негізгі мақсаты – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын сапалы жүргізу, еңбекке ынталандыру, еңбек қатынастарына қатысты туындаған мәселелерді бірге ортақ шешім қабылдау арқылы ретке келтіру. Серіктестердің бір-біріне деген сенімін нығайту. Біздің министрлік өз тарапынан бастаманы қолдайды. Соған орай «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының бастамасымен Өскемен қаласында әлеуметтік диалог орталығы уақытында ашылып отыр. Бұл алаңда өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саладағы барлық өзекті мәселелер ортақ талқыланады. Сарапшылар, серіктестер пікірі ескеріліп, сұранысқа ие ұсыныстар сараланады. Өзектілері республика деңгейіне шығарылады. Мұндай орталықтар еліміздің өзге өңірлерінде де ашылатын болады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Шығыстағы өндірістік алпауыттардың бірі – «Казцинк» компания бастамаған алғашқы болып қолдау танытқандардың қатарында.
– Бұған дейін де облыста осындай механизмі бар алаң болды. Алайда, тоқсанына бір немесе қандай да еңбеккерлерге қатысты әлеуметтік мәселе туындағанда жиналатын едік. Енді міне, жүйелі түрде тұрақты жұмыс атқаратын орталық іске қосылды. Оны бізге тиімді әрі жұмыс істеуге ыңғайлы форматта «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы ұсынып отыр және де «Казцинк» тарапынан қолдауға ие болды. Бұл орталық алаңында еңбекақыға, тарифтерге, техникалық қауіпсіздікке, нормативтік-құқықтық актілерді түзетуге қатысты сұрақтар оң шешіледі деген ойдамын. Сондықтан бұған дейін Астанада, республика аумағына кеңінен танылған «PARYZ» конфедерациясы дер кезінде Шығысқа келді. Орталық жұмыс берушілер үшін де бас қосатын алаңға айналып отыр, – деді «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Орталықтың ашылу рәсімінен соң облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалық етуімен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның отырысы өтті. Әлеуметтік шараға қалалар мен аудандар әкімдері бейне байланыс режимінде қатысты.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің Шығыста металлургия, тау-кен, қайта өңдеу кәсіпорындары молынан шоғырланған өндірістік аймақ. Соған орай еңбек қауіпсіздігі, тараптарға тиімді әлеуметтік диалог жасау үлкен маңызға ие. Мұндай алаңдарда жұмысшылар өз ұсыныстарын жеткізсе жұмыс беруші оны шешу жолдарын қарастырады. Өзара сенім артады. Бүгінде облыста жұмыс істеп тұрған 12 мыңнан астам кәсіпорын бар. Оларда 191 мың адам еңбек етеді. Бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан, ортақ диалог алаңы бізге әрқашан қажет. Жергілікті атқарушы билік серіктестер бастамасын қолдайды, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Әлеуметтік маңызға ие жиын аясында Шығыс Қазақстан облысының еңбек ұжымдарындағы ағымдағы ахуал баяндалып, ол туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов толыққанды ақпарат ұсынды.
Аймақтың еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақтылығы үнемі назарда болатындығын атап өткен облыс әкімі жаңа жылға дейін өңірдегі барлық кәсіпорындар мен жұмыс берушілер жұмысшылар алдындағы жалақы берешектерін толық өтеуін нақты тапсырды.
Бұдан бөлек басқосуда Қазақстанның саңыраулар қоғамы «Казцинк» ЖШС-мен бірлесіп іске асыратын «Халықтық бақылау» жобасының жұмысы туралы айтылып, жоба жайында атамыш қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының жетекшісі Маргарита Коханова баяндады.
Ал биылғы жылы өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде атқарылған шаруалар туралы «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев, «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов және Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова айтып өтті.
Айта кетейік, орталық Өскемендегі Республика алаңының жанында орналасқан (Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі 70 мекенжайында).
Үшжақты комиссия отырысынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев және жиынға қатысушылар «Казцинк» ЖШС-нің еңбек қауіпсіздігін бейнемониторинг арқылы бақылау орталығына барды.
Сонымен қатар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты «Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» мекемесінің де жұмысымен танысты.



