Шығыс Қазақстанда үш жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында Глубокое ауданындағы Тарханка ауылында өрт сөндіру бекеті құрылды. Аталған бекет Тарханка, Винное және Веселое елді мекендерінде тұратын 3000-нан астам тұрғынды қорғайтын болады. Жобаның бастамашысы — Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, серіктес ретінде «Милейко» ЖШС қолдау көрсетті.
Осындай маңызды шара Шемонаиха ауданында да өтті. Мұнда бірден екі өрт сөндіру бекеті — Красная Шемонаиха және Сугатовка ауылдарында ашылды. ТЖБ-ның «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыруда «Белокаменское» ЖШС мен «Заря» шаруа қожалығы серіктес болды. Енді Красная Шемонаиха, Белый Камень, Сугатовка, Горкуново және Кенюхово ауылдарында тұратын 1500-ден астам тұрғын сенімді қорғауға ие болды.
Ашылған барлық бекеттер тәулік бойы қызмет атқаруға арналған қажетті қызметтік-тұрмыстық үй-жайлармен жабдықталған. Материалдық-техникалық жарақтандыру құрамына өрт сөндіру және құтқару құрал-жабдықтары, байланыс құралдары және жеке құрамға арналған арнайы киімдер кіреді.
Ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Рашид Блялов, құтқарушылар, жергілікті тұрғындар және аудан әкімдері қатысты.
Осындай маңызды нысандарды облыстың өзге де елді мекендерінде дамыту жоспарлануда.



