ЮНИСЕФ-тің 80 жылдығына орай Тарбағатайда «Бала дауысы» ән байқауы басталды

БҰҰ Балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің 80 жылдығына орай Тарбағатай ауданында «Бала дауысы» ән байқауы ұйымдастырылуда. Ауқымды мәдени шара балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, жас таланттарды қолдауға бағытталған.
Бүгін байқаудың іріктеу кезеңі ресми түрде басталды. Бекітілген жоспарға сәйкес алғашқы тыңдалымдар Тұғыл және Байтоғас ауылдарында өтуде. Алдағы күндері іріктеу кезеңі күн сайын екі ауылдан аралап ұйымдастырылып, ауданға қарасты барлық елді мекендер толық қамтылады.
Іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін байқаудан өткен жас әншілерге тәжірибелі жетекшілер тағайындалады. Олармен жүйелі түрде дайындық жұмыстары жүргізіліп, сахналық шеберлігі мен вокалдық мүмкіндіктерін жетілдіру көзделіп отыр.
Байқаудың қорытынды Гала концерті 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өтеді. Мерекелік кеште үздік жас өнерпаздар өнер көрсетіп, байқау жеңімпаздары анықталады. «Бала дауысы» – жас дарындарға үлкен сахнаға жол ашатын маңызды мәдени бастама болмақ.
