Жаңалықтар

Астанада еркін күрестен ауыл бапкерлеріне арналған республикалық семинар өтті

Елордада еркін күрес ережелеріндегі соңғы өзгерістер талқыланып, бапкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқу-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.

 

Бүгін Астанада «Еркін күрес ережелеріндегі соңғы өзгерістер және олардың әртүрлі жарыстарда қолданылуы» тақырыбында еркін күрестен ауыл жаттықтырушылары мен облыстардың бас бапкерлеріне арналған оқу-тәжірибелік семинар өтті. Ауқымды шараға Қазақстанның 17 облысынан 35 бапкер қатысып, тәжірибе алмасты.

 

Семинардың басты мақсаты – төрешілік саласындағы теориялық білім мен практикалық дағдыларды жетілдіру, еркін күрес бойынша жарыс ережелеріндегі соңғы өзгерістерді оқу-жаттығу және жарыс үдерісіне енгізу, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі турнирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, дайындық сапасын арттыру.

 

Аталған семинар Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қорының демеушілігімен және Қазақстан күрес федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бапкерлердің елордаға келіп-қайтуы, орналастырылуы мен тамақтануы толықтай қор есебінен қамтамасыз етілді.

 

«Auyl sport» жобасының координаторы Айдос Лекеровтің айтуынша, семинар бір күн бойы теориялық және практикалық сабақтармен ұштастырылып өтті. Семинар спикері – олимпиадалық санаттағы балуан Берік Шалабаев. Ол еркін күрестегі жаңартылған ережелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.

 

— Бұл форматтағы семинарлар ауыл бапкерлерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, еркін күрестің өңірлерде жүйелі дамуына серпін береді, — деді Айдос Лекеров.

 

Семинарға қатысушылардың бірі, Абай облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылының бапкері Орал Қойшыбаев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

 

— Мұндай семинарлар ауылдан шыға алмай жүрген бапкерлер мен балалар үшін таптырмас мүмкіндік. Елге оралған соң үйренгенімді міндетті түрде ауылдағы әріптестеріммен бөлісіп, жұмысымда қолданамын, — деді ол.

 

Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Айта кетейік, биыл «Auyl sport» жобасы аясында қамтылған 8 спорт түрі бойынша бапкерлерге арналған біліктілікті арттыру сабақтары кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button