Денсаулық саласының өкілдеріне жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістер түсіндірілді.

Теміржолшылар поликлиникасы мекемесінің ұжымымен Жаңа Конституция жобасына арналған кездесу өтті. Іс-шараға өңірлік коалиция өкілдері қатысып, медицина саласының мамандарына Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын жан-жақты түсіндірді.
Кездесу алдағы республикалық референдум қарсаңындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылды. Коалиция мүшелері Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, құжатта қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерді кеңінен таныстырды. Әсіресе медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін конституциялық деңгейде бекіту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Коалиция мүшесі Анжела Горностаева өз сөзінде:
«Конституцияда қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек ету құқығы, сондай-ақ әлеуметтік қорғалуға заңға сәйкес кепілдік беру нақты көрсетілген. Бұл мәселелер қоғамда жан-жақты талқыланып, депутаттық сауалдар арқылы көтеріліп, заңнамаға өзгерістер енгізу негізінде қарастырылып отыр», – деп атап өтті.
Спикердің айтуынша, аталған нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі медицина қызметкерлерін қорғау тетіктерін күшейтіп, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына берік негіз қалайды.



