2026 жылғы 25 ақпанда Ұлытау облысында қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайына байланысты брифинг өтті.

Спикер — Танабаев Ерлан Альмуханович, Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы.
Спикердің айтуынша, облыс бойынша соңғы үш аптада қызылша ауруының өсуі байқалады. 2026 жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша зертханалық расталған 45 жағдай тіркелді. Ауырғандардың 95,5%-ы — 14 жасқа дейінгі балалар (43 жағдай).
Жас құрылымы бойынша:
• 30% — 1 жасқа дейінгі балалар;
• 60% — 1–4 жас аралығындағы балалар;
• 6% — 5–9 жастағы балалар;
• 4% — 10–14 жастағы балалар.
Сондай-ақ 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 20 жастан асқан ересектер арасында да ауру жағдайлары тіркелді.
Ауырған балалардың 91,1%-ы екпе алмағандар (41 жағдай). Оның ішінде:
• 58,9% — вакцинациядан бас тартқандар;
• 16,9% — тиісті жасқа толмауына байланысты егілмегендер;
• 12,1% — вакцинация мүмкіндігін жіберіп алғандар;
• 12,1% — медициналық қарсы көрсетілімдері барлар.
Негізгі сырқаттанушылық Сәтбаев және Жезқазған қалаларында тіркелген. Ауру облыстың 4 мектебінде және 8 мектепке дейінгі мекемесінде анықталды.
Қызылша — ауа-тамшы жолымен берілетін аса жұқпалы инфекциялық ауру. Ол ауыр асқынуларға, соның ішінде отитке, пневмонияға, энцефалитке, менингитке және панэнцефалитке әкелуі мүмкін. Арнайы емі жоқ, ал тиімді қорғану жолы — вакцинация.
Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе 1 жаста және 6 жаста жүргізіледі. Ошақтарда 30 жасқа дейінгі, бұрын ауырмаған және егілмеген байланыста болған адамдарға шұғыл иммундау жүргізіледі (72 сағатқа дейін).
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 19 ақпандағы №3 қаулысы қабылданды.
Қосымша иммундау нәтижесінде 2301 адам (85,1%) егілді.
Білім беру ұйымдарында:
• екпемен қамту деңгейін кемінде 90%-ға жеткізу;
• «таңертеңгілік фильтр» жүргізу;
• қызылша тіркелген жағдайда егілмеген балаларды уақытша шеттету;
• ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту шаралары қабылдануда.
Жағдайды толық тұрақтандыру үшін вакцинациямен қамтуды кемінде 95%-ға жеткізу қажет.
Мамандар ата-аналарды балалардың егу мәртебесін тексеріп, уақытылы вакцина алуға шақырады.



