Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ «ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ  

Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, барлық ауданнан келген делегаттардың қатысуымен еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» ашылды.

 

Аймақ басшысы өңірдегі серпінді жобаларға тоқталып, жаңа орталық ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

 

«Наурызнама бойынша бүгін – Жаңару күні. Айтулы мерекеде Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен салынған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған сәулетті, жаңа заманауи «Құзыреттілік орталығын» ел игілігіне табыстаудамыз. Қаламызға көрік беретін жаңа, әсем ғимаратымыз құтты болсын!

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қоғамның түрлі саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Бұл – экономиканы дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қажетті бастама» деп атап өтті.

 

Өткен жылы Президентіміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірлерде «Құзыреттілік орталығын» салуды тапсырған болатын. Елімізде баламасы жоқ, бірегей орталық республика бойынша алғашқы болып аймағымызда бой көтерді. Орталық бизнес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған ортақ алаң болады.

 

Жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамдарын танымал етуге, дәрежесін көтеруге, ең үздік қоғамдық және өндірістік дәстүрлерді анықтап мәртебелеуге, жастарды кәсіби еңбекке баулуға бағытталған орталық ел игілігіне қызмет ете берсін! Жұмысшы мамандықтарының бағалануы – бұл елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына оң әсер ететін маңызды қадам.

 

Аймағымызда білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн. 159 млрд. теңге, биыл 302 млрд. 196 млн. теңге қаралды. 2022 жылдан бері 43 жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді.

 

Баршаңызды қаламызға таңғажайып көрік берген, заманауи сәулетімен ерекшеленетін «Құзыреттілік орталығы» ғимаратының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын», – деді Н.Нәлібаев.

 

Басқосуда білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысанның құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, тұрғындарға құттықтауын жеткізді.

 

Айта кетейік, екі қабатты, 1000 орындық жаңа ғимарат кезінде заңсыз сыртқа кеткен активтер есебінен қаржыландырылды.

 

Орталық студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтарының танымалдығын, жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады.

 

Өңірдегі жұмысшы құзыреттіліктері бойынша жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, педагогтердің, жас мамандардың озық технологиялармен жұмыс істеуіне, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік береді.

Жаңа заманауи ғимарат республикалық, халықаралық, деңгейдегі форумдар, конференциялар, семинарлар мен көрмелер өткізуге де бейімделген.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button