Жаңалықтар

ШҚО: Наурызнама он күндігі аясында «Жігіттер квартетінің» концерты өтті

Наурызнама он күндігі аясында Өскемен қаласында танымал «Жігіттер квартеті» өнер көрсетіп, қала тұрғындарына ерекше музыкалық кеш сыйлады. Қазақтың ұлттық музыкалық дәстүрін жаңаша нақышта дәріптеп жүрген өнер ұжымы бұл жолы да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концерт барысында квартет халық сүйіп тыңдайтын «Ақбосаға», «Жеңешем» секілді көңілді әндерді орындап, залға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «Ерке қыз», «Бақытты бол», «Кешір мені, жаным» сияқты лирикалық туындылар шырқалып, тыңдарманның жүрегіне жол тапты.

Кештің тағы бір ерекшелігі – қазақтың классикалық әндері «Балқадиша» мен «Айқаракөздің» заманауи өңдеуде орындалуы болды. Өнерпаздар бұл шығармаларды дәстүрлі рухын сақтай отырып, жаңа форматта ұсынды.

Жиылған қауым квартеттің шеберлігіне жоғары баға беріп, ұзақ уақыт қол соғып, ықыластарын білдірді. «Жігіттер квартетінің» бұл концерті Наурыз мерекесінің сәнін келтіріп, ұлттық өнердің жаңаша тынысын айқын көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button