Тақырыбы: Қаржылық қауіпсіздік және азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау

2026 жылғы 27 наурыз күні Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қаржылық қауіпсіздік және азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Құрбанов Абласан Қайбрахманұлы сөз сөйледі.
Брифинг барысында қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау бағытында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы кеңінен баяндалды. Атап өтілгендей, профилактика Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу, қоғамда алаяқтыққа және көлеңкелі схемаларға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру.
Департамент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау аясында «Заң мен тәртіп» қағидатын белсенді түрде насихаттауда. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты әрі жүйелі шараларды қамтиды.
2025 жылы Департамент өңір тұрғындарын кеңінен қамтыған 100-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді. Аталған шараларға жалпы саны 23 мыңға жуық адам қатысты. Бұл профилактикалық жұмыстың ауқымын және қоғамдағы сенім деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 16 іс-шара ұйымдастырылып, офлайн форматта шамамен 600 адам, ал онлайн форматта 18 мыңнан астам азамат қамтылды. Бұл профилактикалық жұмыстардың тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.
Департамент қызметінің негізгі бағыттары:
• қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыру;
• азаматтарды алаяқтықтан қорғау;
• қаржылық пирамидалар мен дроперлік схемалардың алдын алу;
• киберқылмыстық тәуекелдерді азайту;
• онлайн құмар ойындары, лудомания және вейп қолдану сияқты қауіптердің алдын алу.
Жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Аймақтағы мектеп оқушылары мен студенттер профилактикалық жобаларға белсенді қатысуда.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 31 наурызға дейін Жезқазған қаласындағы Байқоңыров атындағы университет студенттерін Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиадаға тіркеу жүргізілуде. Олимпиаданың алғашқы кезеңдері сәуір айында басталып, жеңімпаздарға республикалық және халықаралық деңгейде білімдерін сынауға мүмкіндік беріледі.
Өткен жылы облыс студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, аймақтық кезеңде жеңіске жетіп, республикалық деңгейде өңір намысын қорғады. Биыл да осы нәтижені қайталау және жетілдіру жоспарлануда.
Спикер өз сөзінде азаматтарды сақ болуға шақырып, кез келген күмәнді жағдайларда 1458 колл-орталығына хабарласуға немесе Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Telegram-боты арқылы ақпаратты тексеруге кеңес берді. Сонымен қатар, алаяқтық схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.
Қорытындылай келе, профилактика бір реттік шара емес, тұрақты әрі жүйелі жұмыс екені атап өтілді. Қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтарды қорғау және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту мүмкіндігі бар.
Ұлытау облысының тұрғындары сақ болуға және қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырылады.



