ШҚО-да мемлекеттік қызметтің дамуына ерекше үлес қосқан әйелдер туралы альбомның тұсаукесері өтті

Өскемен қаласында «Мемлекеттік қызметтегі көшбасшы әйелдер» атты танымдық альбомның тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған альбом мемлекеттік қызмет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген әйелдердің еңбегін насихаттауға арналған.
Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне орай Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында ұйымдастырылды.
Альбом таныстырылымының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – филиал директоры Ж. Боканова. Іс-шара филиалдың педагогикалық ұжымының қолдауымен өтті. Сондай-ақ кездесуге Академияның вице-ректоры Э. Оразалиева қатысып, жобаның маңызын атап өтті.
Тұсаукесер барысында аталған альбом мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, әйел көшбасшылардың рөлін кеңінен насихаттауға және олардың мемлекеттік басқару жүйесін дамытудағы үлесін көрсетуге бағытталғаны айтылды.
Іс-шараға өңірдің мемлекеттік органдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер және академиялық қауымдастық мүшелері қатысты. Қатысушылар мұндай бастамалар әйелдердің қоғам мен мемлекеттік қызметтегі маңызды рөлін айқындап, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.



