Елордалық арулар шетелдік алаяқтардың «қармағына» түсіп қалған

Шетелдіктер әлеуметтік желілер арқылы қазақстандық қыз-келіншектерді «арбауын» қояр емес, деп хабарлайды BasNews.kz.
Өткенде ғана елордалық екі келіншектің Facebook желісі мен Mail.ru арқылы өзге елдің азаматтарымен танысып, алданып қалғаны жайлы ақпарат тараған еді. Басында бірнеше ай бойы романтикалық хат алмасып жүрген алаяқтар нәзік жандыларды Қазақстанға келіп, өздерімен алып кететініне сендірген. Сенімге кірген соң өзінің төлқұжатының көшірмесін жіберіп, ақша аударуын өтініпті. Ерлердің ізгі ниеттеріне сенген жәбірленушілер қаржатты халықаралық аударымдар арқылы салып жіберген. Ақшаны алғаннан кейін күдіктілер желіден ғайып болып, байланысқа шықпайды. Аударылған сомманың алғашқысы – 13 млн теңге, екіншісі – 6 млн теңге.
Мұнымен шетелдік алаяқтар тоқтап қалмай, Facebook арқылы қазақ аруларын алдауын жалғастыруда. Соның бірі әзірбайжандық физиотерапевт Мұхаммед Шүкүровтің атын жамылған «Noble Man» никті парақша. Өзін «Лондонның тұрғыны, жалғызбасты әке және қалыңдық іздеп жүрген бойдақ жігітпін» деп таныстырған.
⠀»Сымбатты жігіт маған да достық ұсынды. Елордалық әйелдердің бұларға алданғаны бірден есіме түсті. Зерттеп көрейін дедім. Достығын қабылдаған сәтте-ақ махаббат серенадасын (әйелдерге арналған махаббат әні) бастады. Жауап жазбай қалсаң түрлі СМС-тер мен суреттер жіберіп назарыңды аудартқысы келеді. Уақытты созып оның достары мен ұстазын тауып алдым. Кейінірек алаяққа мына ісін тыймаса, интерполға беретінімді ескерттім. Ол бірден мені бұғаттап, арадағы жазбаларды өшіріп тастады. Бірақ мен барлық жазбаларға «скрин» жасап отырған едім. Бұл никпен бірнеше қазақ қыздарына достық ұсынғанын да байқадым. Олардың жекесіне шығып, абай болуын айттым», – дейді алаяққа алданып қала жаздаған ару.
Хакердің арқасында кейіпкеріміз Бакудегі «Майомед медикал» клиникасының дәрігері Мұхаммед Шүкүровтің өзімен танысқан. Ол мұндай жағдайға үнемі тап болатынын және бұл бірінші рет емес екен айтады. Италия және Тайланд хакерлері осылай басқа елдердегі нәзік жандыларды да алдаған. Ал дәрігер әзірбайжандық полицияға шағымданғанмен нәтиже болмайтынын айтады.
«Мен 18 жыл спортпен шұғылданып келемін. Кәсіпқой кикбоксингпін. Инстаграм парақшама жеке өмірім мен қызметіме қатысты деректер жариялаймын. Ешкімге фотоларымды қолдансын деп рұқсат берген жоқпын. Мен отбасылы азаматпын. Әйелім және 5 жасар ұлым бар. Өзге әйелдер танымайтын адамға ақшасын бермей, абай болса екен, – дейді Мұхамммед Шүкүров.
Мұндай жағдайға түспес үшін кейіпкеріміз сияқты сақтық шараларын білген жөн. Достық жіберген шетелдік азаматтардың фотосын «Яндекс картинки» сайтқа салып тексеруге болады. Онда фото қай жерде және қашан жариялаған шығып тұрады. Сондай-ақ, кез-келген сим карта номеріне код жасауға болады, оны да ұмытпаған абзал. Және ең бастысы достық ұсынған адамның жеке парақшасына кіріп мұқият қарап шыққан артық етпейді. Ол бұрыннан әлеуметтік желіні қолданып жүрсе, оның достары және ол туралы барлық ақпарат көрініп тұрады. Егер оның аккаунты жабық және ақпарат мүлдем болмаса, бұл жәйт күмән тудыру керек.