Сыр өңірінде егін алқабына алғашқы дән себілді

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданы Нағи Ілиясов атындағы ауылға жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс науқаны аясында егін алқабына алғашқы дән себу рәсіміне қатысты. Бұл шара өңірдегі ауыл шаруашылығы маусымының ресми түрде басталғанын білдіреді.
Аймақ басшысы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерімен бірге алғашқы дәнді себуге қатысып, алдағы егін маусымының сәтті өтуіне, қамбаның астыққа толуына және шаруалар еңбегінің мол өніммен ақталуына тілектестігін білдірді.
Сапар барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы техникалары, минералды тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдары және заманауи агротехнологиялар ұсынылған арнайы көрмемен танысты. Көрмеде өңірде қолданылып жатқан озық техника мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді.
Биыл вегетация кезеңінде облыстың егіс алқаптарын суаруға 3,2 млрд текше метр су лимиті бөлінді. Жалпы өңірде 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде 89,7 мың гектар — дәнді дақылдар, 6,1 мың гектар — майлы дақылдар, 73,2 мың гектар — мал азықтық дақылдар, ал 16,8 мың гектар — картоп, көкөніс және бақша өнімдеріне арналған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты биыл күріш алқаптарының көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланған. Оның орнына су аз қажет ететін әрі жоғары өнім беретін жүгері сияқты дақылдардың көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
Қазіргі таңда ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары аяқталуға жақын. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым қоры, тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы техникалары және жанар-жағармай толық қамтамасыз етілген. Бұл науқанға 3975 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 21,7 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берген. Оның 10,1 мың тоннасы көктемгі егіс жұмыстарына, ал 11,6 мың тоннасы күзгі егін жинау науқанына пайдаланылатын болады.
Егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мақсатында шаруашылықтарды қолдауға алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, оның 10 млрд теңгеге жуығы биылға қарастырылған. Бұл шаралар аграрлық сектордың тұрақты дамуына серпін бермек.
Соңғы жылдары өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі айтарлықтай артып, 4 есеге дейін ұлғайып, 16,7 мың гектарға жеткізілді. Бұл бағытта бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Харвест Агро» серіктестігі Жалағаш ауданында жүгері, соя және техникалық қарасора дақылдарын өсіріп, 21 мың гектар жерді қамтитын агроиндустриалды кластер құруда. Ал «Центр семеноводства» серіктестігі Шиелі ауданында 10 мың гектар алқапта жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен өсіру жобасын іске асыруда. Сонымен қатар, «Таң ЛТД» серіктестігі 3 мың гектарға жүгеріні тамшылатып суару технологиясы арқылы өсіру жобасын қолға алған.
Жалпы, бұл бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа технологиялық деңгейге көтеруге және өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етпек.



