BasNewsЖаңалықтар

Жылыжай салу қаншалықты тиімді?

Әлемдік нарықты айтарлықтай өзгеріске ұшыратқан пандемия әсіресе, әлеуметтің әлеуетін таразыға салып, сын сағатта экономикалық тиімділікті арттыруды көздейтін кейбір бағыттар бойынша жаңа шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Шыны керек, карантинді сақтау шараларының бірі ретінде, жұмыс жасауына шектеу қою – шағын және орта бизнесті тұрақты табысы мен өсімінен айырды, деп хабарлайды BasNews.kz.

Мемлекет кәсіпкерлікті әлеуметтік және экономикалық қолдаудың бірнеше жолын ұсынды және жүзеге асыруда. Соның бір айғағы ретінде «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның ауылшаруашылығы саласын қаржылай қолдауының қомақтылығы мен нәтижелілігін алға тартуға болады. Осы мақсатта, жуырда Қызылорда қаласының Махамбетов ауылында былтыр ғана қазығын қағып, бүгінде аймақтық нарықта тұтынушылардың таңдауы мен талғамын тап басып үлгерген «Kaz Agro Mir» ЖШС жылыжайының жұмысымен ақпарат құралдарының өкілдері танысты.

Жалпы алаңы 2 га болатын жылыжай кешенін қаржыландыруға биыл 750 млн теңге жұмсалған. Бастысы – жылыжайда өсіріліп жатқан қиярларға қызылордалықтардың сұранысы жоғары. Карантинге қарамастан, нысанда тұрақты жұмыс істеген 40 адам тәулігіне 5-6 тонна көкөніс жинапты. Ал жиналған өнімдер қала маңында орналасқан сауда дүкендерінің сөрелерінде төмен бағамен сатылуда.

Көкөністер тамшылатып суару жүйесімен, минералды, таза тыңайтқыштар қолданылып, өсіріледі. «Kaz Agro Mir» жылыжайының агрономы Асылбек Телеуовтің айтуынша, қиярларға арттық нитраттар берілмейді екен. Ал бұл дегеніңіз – көкөніс тамырының жұмыс істеу жүйесіне мол әсерін тигізеді.

«Артық аурулар, зиянкестердің болмауына өте қолайлы. Қазіргі таңда осы уақытта әр шаршы метрден 25 кг өнім алуды жоспарлап отырмыз», – дейді агроном Асылбек Телеуов.

Өнімділіктің көбейіп, сұраныстың артуына байланысты жылыжай алдағы уақытта өнім түрлерін түрлендірмек. Яғни, келешекте өнім көлемін күніне 10 тоннаға дейін, жылына 1000 тоннаға дейін ұлғайту арқылы  баклажан, қызанақ, болгар бұрышын да қатар өсіру жоспарланып отыр.

«Маусым айының аяғында піскен өнімдерді жинап, орнын тазалап, дезинфекциялап, сосын келесі кезеңге көшеміз. Ал алдағы уақытта, қызанақ, қияр, салат жапырағының гибридтерін, басқа көкөніс түрлерін таңдап, талдау жасап, күзге қарай дайындаймыз», – дейді агроном Асылбек Телеуов.

Расын айту керек, «ҚазАгроҚаржы» жерден нәпақа іздеген Сырдың шаруаларына қолдау білдіріп, ауылшаруашылығы техникалары мен жабдықтарын сатып алуына да қолұшын беріп келеді. Мәселен, бір ғана Қызылорда облысының ауылшаруашылығына инвестицияланған 41 млрд теңгенің 34 млрды агротехникалар базасын жаңартуға бағытталған. Қызылордалық шаруалар бүгінде жер жыртып, егін егуде Аксион, Дойц тракторларын, Джон Дир, Класс, Кейс, Торум комбайндарын, Мак Дон дестелегіштерін пайдаланады.

Қызылорда – ақ күріштің Отаны. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, биыл аймақ диқандары 88 мың гектар жерге күріш егуді жоспарлаған. Бүгінге дейін егіс жұмыстары 60-65 пайызға дейін игерілген, ал толық жұмыс 1 маусымға дейін аяқталады.

«ҚазАгроҚаржы» сияқты институттың тікелей ықпалымен аймақта мал сою цехы, тауарлы-сүт фермасы, мал бордақылау алаңы, жылыжай секілді жалпы құны 7 млрд теңгеге 15 инвестжоба жүзеге асырылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығында соңғы онжылдықта күріш шығымдылығы 1,8-2 есеге дейін артты. Сонымен бірге, үкімет тарапынан жасалған жеңілдіктер мен берілген мүмкіндіктердің арқасында шаруашалықтар мол өнім алып, жоғары жетістіктерге жетуде.  Мемлекет шаруа несиесінің сыйақысын субсидиялап, инвестжобалардың 25 пайызын қайтарып беріп жатыр.

Қуантатыны, бүгінде Қазақстан экономикасы өнім өндіру, тұрғындарды азық-түлікпен қамту бағытында дамып келеді. Жергілікті тұтыным нарықтарын сапасы мен құрамы қауіпсіз әрі бағасы қолжетімді отандық өнімдермен қамтамасыз ету басты мақсат. Дәл осы бағытта агроөнеркәсіп кешенін 20 жылдан бері мақсатты қолдауды жүзеге асырып келе жатқан «ҚарАгроҚаржы» акционерлік қоғамы бүгінде сала көшбасшысына айналды.  Жалпы сарапшылардың дәйегіне сүйенсек, аталмыш қоғамның несие қоржынында 7 мыңнан астам клиент бар екен.

Back to top button