Ұлытау облысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың жаңа тетіктері таныстырылды

Ұлытау облысында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа тәсілдері талқыланды
2026 жылғы 5 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа тәсілдері» тақырыбында брифинг өтті.
Іс-шараға спикер ретінде Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Елена Петровна Ткаченко және департамент басшысының орынбасары Ерлан Альмуханович Танабаев қатысты.
Брифинг барысында спикерлер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесіне енгізілген жаңа заңнамалық өзгерістер туралы кеңінен баяндады.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған Заңға сәйкес балаларды тамақтандыру, орналастыру, медициналық көмек көрсету, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізілгені айтылды.
Жаңа тәсілдердің басты мақсаты – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық талаптардың сақталуын алдын ала бақылау және құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуден гөрі олардың алдын алу тетіктерін күшейту.
Ерекше бақылау мемлекеттік және бюджет қаражатын алатын жекеменшік ұйымдарды қамтиды. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, мектеп-интернаттары, медициналық ұйымдар, студенттік жатақханалар, балалар үйлері және өзге де балаларға қызмет көрсететін мекемелер бар.
Спикерлер ерекше бақылаудың негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. Атап айтқанда:
• тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі;
• санитариялық талаптардың сақталуы тексеру парақтарын қолданбай бағаланады;
• мектеп аумағында орналасқан барлық нысандар кешенді түрде қамтылады;
• шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бұрын қолданыста болған үш жылдық тексеру мораторийі алынып тасталды;
• бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған және дәлелдермен расталған материалдар жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алады;
• бақылаудың жаңа түрі – объектіге бару арқылы мониторинг енгізілді.
Сонымен қатар, жоспарлы тексерулер мен мониторинг барысында алғаш анықталған бұзушылықтар үшін бірден айыппұл салу тәжірибесінен бас тартылғаны атап өтілді. Әкімшілік жауапкершілік талаптарды орындамаған жағдайда ғана қолданылады. Ал балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін фактілер анықталған кезде жедел ден қою шаралары қабылданады.
Брифинг барысында Ұлытау облысы бойынша 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған ерекше бақылау объектілерінің тізімі бекітілгені хабарланды. Жалпы өңірде 318 нысан жоспарлы бақылаумен қамтылады.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімдеріне сәйкес балаларға медициналық қызмет көрсететін ұйымдарда иммунопрофилактика мен туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыс шеңберінде 127 денсаулық сақтау нысаны қамтылған.
Маусым айынан бастап өңірдегі жалпы білім беретін мектептер мен мектеп-интернаттарда жаңа оқу жылына дайындық деңгейін бағалау мақсатында мониторинг басталды. Оның негізгі мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығын тексеру.
Брифинг қорытындысында спикерлер енгізілген өзгерістердің басты мақсаты кәсіпкерлерге қысым жасау емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәуекелдердің алдын алу және қоғамның мемлекеттік бақылау жүйесіне деген сенімін арттыру екенін атап өтті.



