Жаңалықтар

Ұлытау облысында балалар мен ересектерге вакцинация жүргізу мәселелері талқыланды

2026 жылғы 5 тамызда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ұлытау облысында балалар мен ересектерге вакцинация жүргізу» тақырыбында брифинг өтті.

Іс-шараға:

• Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Елена Петровна Ткаченко;

• Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Альмуханович Танабаев қатысты.

Спикерлер Қазақстан Республикасында иммундау денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егулер міндетті болып табылады және кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында халыққа тегін жүргізіледі.

Бүгінде Қазақстанның Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне 21 инфекцияға қарсы вакцинация енгізілген. Оның ішінде туберкулез, В вирустық гепатиті, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит және адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егулер бар.

Вакцинацияның арқасында елімізде дифтерия ұзақ жылдар бойы тіркелмей келеді, полиомиелит толық жойылды, ал сіреспе мен В вирустық гепатитінің жекелеген жағдайлары ғана тіркелуде. Жыл сайын республика бойынша 5 миллионға жуық адамға, оның ішінде 1,3 миллион балаға профилактикалық екпе салынады.

Сонымен қатар, спикерлер 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлытау облысында қызылша ауруының өсуі байқалғанын хабарлады. Осы кезеңде зертханалық расталған 94 жағдай тіркелсе, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде мұндай жағдайлар саны 12 болған.

Тіркелген 94 жағдайдың:

• 87-сі (92,6%) – 14 жасқа дейінгі балалар;

• оның ішінде 28-і – бір жасқа дейінгі нәрестелер;

• 1 жағдай – жасөспірімдер арасында;

• 6 жағдай – ересектер арасында тіркелген.

Ауруға шалдыққандардың 89,4%-ы профилактикалық екпе алмаған. Вакцинацияланбағандардың ішінде:

• 53,6%-ы – ата-анасының вакцинадан бас тартуына;

• 19,0%-ы – медициналық қарсы көрсетілімдерге;

• 22,6%-ы – екпе жасына жетпеуіне;

• 4,8%-ы – уақытылы вакцинацияланбауына байланысты болған.

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында жоспарлы иммундаумен қатар қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні:

• 6–10 жастағы балалардың 97,6%-ы;

• 2–5 жастағы балалардың 99,7%-ы;

• 7–18 жастағы балалардың 98,6%-ы;

• 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің 100%-ы егумен қамтылды.

Брифинг барысында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияға ерекше назар аударылды. 2024 жылдан бастап Ұлттық егу күнтізбесіне 11–11,5 жастағы қыздарға арналған АПВ-ға қарсы вакцина енгізілді. Қазіргі уақытта облыста бірінші дозамен 924 қыз, екінші дозамен 497 қыз қамтылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысына сәйкес 14–17 жастағы қыздарды қосымша иммундау жүргізілуде. Бүгінгі күні бұл науқан аясында 611 қыз вакцина алды.

Спикерлер вакцинациядан бас тарту мәселесіне де тоқталды. Облыста 2026 жылдың алғашқы алты айында профилактикалық егуден 920 бас тарту жағдайы тіркелген. Бас тартулардың басым бөлігі бір жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Негізгі себептер – вакциналарға сенімсіздік, жеке көзқарастар және интернет пен әлеуметтік желілердегі расталмаған ақпараттың ықпалы.

Мамандар вакцинацияның тиімділігі мен қауіпсіздігі халықаралық талаптарға сәйкес дәлелденгенін атап өтті. Қазіргі заманғы вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай сертификатталған, олардың тиімділігі жоғары және қауіпсіздігі дәлелденген.

Брифинг қорытындысында тұрғындарға балаларының және өздерінің егу мәртебесін тексеріп, ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес профилактикалық екпелерді уақытылы алу ұсынылды. Бұл жеке денсаулықты ғана емес, қоғамдағы ұжымдық иммунитетті сақтаудың және қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алудың маңызды кепілі екені атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button