BasNewsЖаңалықтар

Алматыда карантин талаптарын бұзғаны үшін 74 нысан жабылды

Алматыда карантин режимін сақтамағаны үшін 74 нысанның қызметі тоқтатылды, – деп хабарлайды Basnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz  сілтеме жасап.

Ақпарат бойынша, танымал гастробарлардың бірі сағат 23.00-деп кейін жұмыс істеген. Сонымен қатар, келушілер кальян шегіп отырған, карантин кезінде ондайға тыйым салынады.

«ӘҚБтК 441-бабы «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі өнімдерін және электрондық сигареттерді тұтынуға тыйым салуды бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Бұл кафе жабылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ бірқатар азық-түлік дүкенінде, дәмхана, донер сататын орында, асханаларда және тағы басқа жерлерде тәртіп бұзушылықтар анықталды.

«Атап айтқанда, маска тақпау, қызметкерлерде қолғап, санитайзер, тері антисептиктері, дезинфекциялық құралдардың және термометрия жүргізу журналының болмауы, сондай-ақ, азық-түлікті дұрыс сақтамау сынды тәртіп бұзушылықтар болды», – деп нақтылады баспасөз қызметі өкілі.

Мониторинг тобы жұмыс басталғаннан бері қала бойынша барлығы 2 353 нысанды тексерді, оның ішінде 136 нысан Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптарды бұзған. Осыған байланысты 74 орынның қызметі тоқтатылды (оның 56-ы объект басшылығының шешімі бойынша) және анықталған өрескел тәртіп бұзушылықтары бар нысандарға 77 хаттама толтырылды.

Back to top button