Жаңалықтар

ШҚО-да 3,7 млрд теңгеге балық өсіру жобасы жүзеге асырылады

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында құны 3,7 млрд теңгені құрайтын ірі балық шаруашылығы жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында балық өңдеу кешені мен жылына 6 млн шабақ өндіруге қауқарлы зауыт салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бүгін Павлодар қаласында Ертіс өзеніне бекіре тұқымдас балықтар жіберілді. Экологиялық акция «Ертіс – достық пен даму өзені» халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Павлодар және Абай облыстарының, сондай-ақ Ресейдің Түмен және Омбы облыстарының басшылары қатысты.

Шара барысында Ертіс бассейніндегі су ресурстарын сақтау, балық қорын молайту және трансшекаралық өзеннің экологиялық жағдайын жақсарту мәселелеріне назар аударылды. Балық қорын жасанды жолмен көбейту және су айдындарына шабақ жіберу – табиғи ресурстарды сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.

Шығыс Қазақстан облысында балық шаруашылығы саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда өңірде балық өңдеумен 14 кәсіпорын айналысады. Оларға 23 балық шаруашылығы учаскесі бекітілген. Кәсіпорындардың жалпы өндірістік қуаты жылына 40 мың тоннадан асады.

Өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатарында жылына 15 900 тонна өнім өндіретін «Төре-Тоғам» ЖШС, шамамен 7 мың тонналық өндірістік қуаты бар «Дигам» ЖШС және жылына 4 500 тоннаға дейін өнім шығаратын «Кузмич» ЖШС бар. Бұл кәсіпорындарда өндірілетін өнім ішкі нарықпен қатар, шетелдік нарықтарға да шығарылады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстанда өндірілген балық өнімдері Еуропа елдеріне, Ресейге, Қытайға, Беларусь пен Қырғызстанға экспортталады.

Саладағы өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, облыста балық ресурстарын табиғи және жасанды жолмен молайту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл бағытта су айдындарын балықтандыру, бағалы балық түрлерінің шабақтарын өсіру және оларды табиғи ортаға жіберу бойынша бірқатар жобалар қолға алынған.

Атап айтқанда, өңірде көксерке, алабұға және шортан өсіру жобалары пысықталып жатыр. Соның бірі – Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында «Zaisan See» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба.

Жоба аясында балық өңдеу кешенімен қатар, тұйық сумен жабдықтау технологиясын қолданатын балық шабақтарын өндіретін арнайы зауыт салу жоспарланған. Кәсіпорын жылына 6 млн шабақ өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі балық ресурстарын жүйелі түрде көбейтуге және су айдындарын тұрақты түрде балықтандыруға жол ашпақ.

Жобаның жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Осылайша, жоба Тұғыл ауылының ғана емес, жалпы Зайсан ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін өндірістік бастамалардың біріне айналмақ.

Жобаны ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу үшін «Zaisan See» компаниясы Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен меморандум жасасты. Бұл құжат аясында балық өсіру технологияларын жетілдіру, өндірістік процестерді ғылыми негізде ұйымдастыру және жобаның тиімділігін арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіледі.

Кәсіпорынның технологиялық базасын қалыптастыруда халықаралық тәжірибе де ескерілген. Тұйық сумен жабдықтау жүйесін орнатуға қажетті техникалық құжаттама Қытайдың eWater компаниясынан алынған. Мұндай технология суды қайта айналымға жіберуге мүмкіндік беріп, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.

Балық өңдеу кешенін салу үшін ауданы 3 гектар жер телімі рәсімделді. Бұдан бөлек, балық ресурстарын молайту кешенін орналастыру үшін тағы 4 гектар жер бөлу жоспарланып отыр. Осылайша, өндірістік нысандармен қатар, балық өсіру және шабақ өндіру бағыттарын қамтитын тұтас инфрақұрылым қалыптастыру көзделген.

Жоба жергілікті кадрларды даярлау мәселесін де қамтиды. Тұғыл ауылында балық шаруашылығы саласына қажетті мамандарды оқытатын колледж ашу жоспарланып отыр. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, балық шаруашылығы бойынша кәсіби кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Компанияның есептеуінше, жоба іске қосылғаннан кейін он жыл ішінде бюджетке шамамен 6 млн еуро көлемінде салық түсімін қамтамасыз етеді. Ал өнім өткізу көлемі 17 млн еуродан асады деп күтілуде.

Жалпы, Тұғылдағы жоба балықты тек өңдеумен шектелмей, оны өсіру, шабақ өндіру, су айдындарын балықтандыру және осы салаға мамандар даярлау бағыттарын бір өндірістік тізбекке біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдегі балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және балық ресурстарын тұрақты түрде молайтуға жағдай жасайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button