ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ОКРУГТІК САЙЛАУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӨШПЕЛІ ОҚЫТУ СЕМИНАРЛАРЫ ӨТКІЗІЛДІ

Қызылорда облысында мәслихаттар депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізуге дайындық аясында округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған көшпелі оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен арнайы жасақталған спикерлер пулы Қызылорда қаласы мен барлық аудандарды қамтып, комиссия мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған оқыту жұмыстарын жүргізді.
Семинарлардың басты мақсаты – сайлау заңнамасының талаптарын бірізді қолдануды қамтамасыз ету, комиссия мүшелерінің теориялық білімін жетілдіру және практикалық дағдыларын нығайту.
Оқыту барысында кандидаттармен жұмыс жүргізу, тиісті құжаттарды ресімдеу, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу және оларға куәлік беру, сайлау алдындағы үгіт кезеңдерін ұйымдастыру, арыз-шағымдарды қарау тәртібі мен комиссиялардың өкілеттіктеріне қатысты негізгі мәселелер қамтылды.
Семинарлардың ерекшелігі – теориялық түсіндірумен шектелмей, практикалық оқытуға басымдық берілуі. Лекторлар сайлау процесінде туындауы ықтимал күрделі жағдаяттарды қатысушылармен бірлесіп талқылап, нақты кейстер негізінде заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау алгоритмдерін пысықтады. Бұл комиссия мүшелерінің кәсіби жауапкершілігін арттырып, сайлау рәсімдерін дұрыс әрі жүйелі жүргізу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушылардың білім деңгейін бағалау мақсатында «On test» электрондық платформасы арқылы кіріс және қорытынды тестілеу ұйымдастырылды. Аталған тәсіл оқытуға дейінгі бастапқы дайындық деңгейін айқындауға және семинар барысында меңгерілген білімді бағалауға бағытталды.
Оқыту бағдарламасын аяқтаған барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру – сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және сапалы ұйымдастырылуын қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар сайлау рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүргізілуіне және азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін нығайтуға негіз болады.



