BasNewsЖаңалықтар

Елордада жақында қандай ірі нысандар пайдалануға беріледі

Елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жақында шаһарда пайдалануға берілетін жаңа нысандар туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Basnews.kz.

«Олар елорда үшін маңызды нысандар және осы нысандар бойынша құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Дегенмен пандемия көптеген салалардың жұмысын баяулатса да, құрылыс бағытында қажетті шаралар қабылданды», – деді елорданың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаев.

Атап айтқанда, Тұран даңғылы және №26 мен Е51 көшелері қиылысында жеңіл атлетикалық спорт кешені пайда болады. Салынып жатқан бұл манеж 7 000 көрерменге есептелген. Нысан жобасы бойынша онда жеңіл атлетикадан әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.

Ғимаратта барлық инфрақұрылым қамтылмақ, оның ішінде жеке қонақ үй де жасақталады. Жер телімі 9,0843 гектар аумақты алып жатыр. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 2020 жылдың 3 тоқсанына белгіленген.

23-15 көшесі бойында, яғни Байтұрсынов пен Нәжімеденов көшелері аралығында Қазақ драма театрының ғимараты пайда болады. Нысанның жалпы ауданы 22853,0 шаршы метр шамасында. Үлкен зал 640 орынға, ал кіші зал 202 орынға арналған. Ғимараттың құрылысы биыл үшінші тоқсанда аяқталады деп күтілуде.

Қабанбай батыр мен Мәңгілік Ел даңғылдарының арасында жаңа мешіт салынуда. Республика мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің құрылысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр.

Мешіт 30 мың адамға есептелген. Мешіт мұнаралары – 130 метр. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

 

Back to top button