BasNewsЖаңалықтар

«Рахат» кондитер фабрикасы карантинге жабылды

Алматы қаласында коронавирус инфекциясын симптомсыз таратушылар анықталып, осыған байланысты «Рахат» кондитерлік фабрикасы карантинге жабылды, деп хабарлайды Basnews.kz.

Алғашында жоғары температурасы бар 8 адам анықталды. Сонымен бірге 1450 қызметкерге тест жүргізілген. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысындағы талаптарға сәйкес қызметкерлер үй карантиніне алынды.

Фабрика әкімшілігі өз шешімімен жұмысты 15 маусымға дейін тоқтатқан. Аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларына эпидемияға қарсы шаралар толығымен аяқталғанша фабрика жұмысын тоқтату туралы қаулы берілді.

«Көріп отырғандарыңыздай, сіздердің тараптан қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілмеуі ұйым қызметкерлері арасында аурудың тарауына және нысанның жұмысын тоқтатуға алып келді. Персонал мен келушілер термометриясы, әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қамтамасыз ету, санитайзер мен дезинфекциялық құралдар қоры болуы керек қой. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік режим шараларын қатаң түрде сақтауды талап етемін. Маска тағу режимін сақтап, жеке қорғаныс құралдарын (маска, қолғап) ауыстырып тұру өте маңызды», – деді кәсіпкерлерге қарата айтқан сөзінде Жандарбек Бекшин.

Мониторинг тобының бақылау шараларының барысында 11-12 маусымда 120 кәсіпкерлік субъекті тексерілді. Оның ішінде 29-нан тәртіп бұзу фактілері анықталды: «Айнбұлақ», «Қазына», «Мизам», «Өжет», «Әсем», Назар ЖК, «Сочи» базарлары, «Үрімші», «Ахаева» ЖК асханалары, «Строй сити», «Алатау-2», «Жібек жолы» МТЦ, «Жібек-Жолы» СҮ сауда орталықтары, «ҚОЖАХМЕТ» ЖК канцеляриялық тауарлар дүкені, «Кабулдинов» ЖК, «Асоев М.К.» ЖК азық-түлік дүкендері, «KOMPRESSOR» ЖШС, «M-Retail» ЖШС қосалқы бөлшектер дүкені, «Magnum Cash &Carry» ЖШС, «Сапсан» ЖШС медициналық компаниясы, «Әлия», «Әсел» сұлулық салондары, «Место встречи», «Пражечка», «Луна», «Oscar cinema&karaoke», «Degirmen», «Istanbul», «light bar», «Алматы донер», «Центр шашлыка» дәмханалары.

«Маска режимінің сақталмауы, теріге арналған антисептик пен дезинфекциялық құралдар, санитайзердің жоқтығы, дезинфекциялық туннельдердің жарамсыздығы, температура өлшеу тәртібінің сақталмауы, сонымен бірге кіреберісте ақпараттық хабарландырудың жоқтығы сынды кемшіліктер анықталды»,– деп қосты Бекшин.

Мониторинг тобы жұмысын бастағалы бері қала бойынша 2 606 нысан тексеріліп, оның ішінде 194-нен Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысындағы талаптар бұзылғаны анықталды. Соған байланысты 94 нысанның жұмысы тоқтатылды.

Back to top button